Сәдібек Түгел биылғы жастар жылында жас буынның бос уақытын қалай өткізетіндігін көзімен көріп, оларға адамгершілік пен ізгілік жайлы, отансүйгіштік, елдік мәселесі тұрғысында сөз қозғады.
ҚР Президенттігіне үміткер, қоғам қайраткері, журналист-жазушы ұлттық ат спорты ойындарының негізін қалаушы Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасында басым бағыттардың бірі жастардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауға негізделгендіктен мұндай іс-шаралардың өткізілуі маңызды деп санайды.
Жастармен сөйлескен кезде ол бос уақытты тиімді пайдалану мен көңілді өткізудің де қажеттігіне тоқтала келе, жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан ар-намысты бәрінен биік қою қажет деп түйіндеді.
Айта кетсек, бүгін Сәдібек Түгел сайлауалды бағдарламасын жария еткен болатын.
Еске сала кетсек, кеше ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық қоғамдық штабқа келіп, қызметкерлермен кездескен болатын.
Ал, ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков ресми сайтында сайлауалды тұғырнамасын жариялады.
Сонымен қатар, кеше «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабында жиын өтті. Онда президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков өзінің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
Үміткерлер халықпен кездесіп, дауыс жинау үшін үгіт-насихат жұмыстарына кіріскен. Атап айтқанда, «Ақ жол» партиясынан үміткер Дания Еспаева Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті.
Ал Әміржан Қосанов сайлауалды штабымен Солтүстік Қазақстанды аралап жүр.