«2016 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қосымша 14 мектептің құрылысын бастауға шешім қабылданды. Сонымен, биыл 68 нысанды бітіріп, 14 жаңа мектеп құрылысын бастау керек. Бұған қоса, үш өңірде 8 нысанның пайдалануға беру мерзімі сақталмай отыр», - деді Е.Сағадиев.
Министрдің айтуынша, олар: Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданындағы мектеп, Бірлік ауылындағы балабақша, Мақат аудандық Доссор орта мектебі; Шығыс Қазақстан облысына қарасты Риддер қаласындағы Мичурин балабақшасы, Тарбағатай ауданындағы Жетіарал мектебі және осы аудандағы Ақжар мектебі.
«Астана қаласы бойынша екі нысан - 17 мектеп-гимназия мен 22 мектептің қосымша құрылысы. Осыған орай, жергілікті атқарушы органдардан көрсетілген проблемалық мәселелерге арнайы назар аударып және олардың құрылысын аяқтап пайдалануға беру бойынша нақты тапсырма беруіңізді сұраймыз», - деді министр Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа қарата.