Сағадиев педофилден қызды құтқарып қалған оқушыға алғыс айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 8 жасар қызды құтқарып қалаған Алматы облысының 11-сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновке алғыс айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Құрметті Тимурбек Тахирұлы! Адам өмірін құтқарып, батыл әрекетке барғаның үшін алғыс айтамын. Сенің жасаған батылдығың өскелең ұрпаққа үлгі болатынына сенімдімін. Қадам басқалы тұрған үлкен өмірде сәттілік серігің болсын.  Келешекте еліміздің жарқын болашағына өз үлесіңді қосатыныңа сенімдімін», - деп жазды министр алғыс хатында.

Тимурбекке алғыс хатты бүгін Алматыда ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасилов табыстайды.

Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 32 жастағы ішімдік ішкен ер кісі 8 жасар қызға зорлық жасамақшы болған. Абырой болғанда, Д.Қонаев атындағы 11-сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдинов бүлдіршін қызды зорлықтан құтқарып қалды. Қазір арам пиғылын жүзеге асырмақ болған 32 жастағы күдікті қолға түсіп, қамауға алынды. Аталған факті бойынша  ҚР ҚК 121-бабы, 4-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр.