«Егер медицина мамандары қазіргі жағдай денсаулыққа өте зиян екенін айтып, Қазақстанға бірнеше сағат белдеуі қажет десе, Үкімет сағат тіліне өзгеріс енгізе ме? Сағат 16:30-да күннің батуы жөнінде өздеріңіз не ойлайсыздар және сағат нешеде ұйқыға жатасыздар?», - деп сұрақ қойды тілшілер лауазымды тұлғаларға.
Өз кезегінде Ғани Бейсембаев еш болжам жасамауды және медициналық зерттеулерді күтуді ұсынды.
«Жұмысбастылық пен қағазбастылықты ескерсек, сағат 23:00-ден ерте ұйықтамаймын», - деді Оқу-ағарту министрі.
Өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев та әріптесінің пікірін қолдады.
«Алдымен зерттеу нәтижелерін күтіп, нақты нәтижелерге сүйеніп, осы мәселеге қайта ораламыз. Ал менің қай уақытта ұйықтап-оянатыным – кешіріңіз, бұл менің жеке шаруам. Бұл менің қызметтік міндеттерімді орындауыма еш кедергі келтірмейді, сондықтан бұл сұраққа жауап бермеймін», - деді Қ. Шарлапаев.
Айта кетейік, елімізде уақыт белдеуін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалмақ.