АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан бокстан Константин Коротковты еске алуға арналған турнирде Сәкен Бибосынов (54 келі) чемпион атанды.
Қазақстандық боксшы финалда ресейлік Денис Палшинмен қолғап түйістірді. Нәтижесінде ол қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, аталған турнирдің чемпионы болды.
Сәкен Бибосынов 1992 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионатында 2021 жылы алтын алса, 2019 жылы қола жүлдегер болды. 2020 жылы Токио Олимпиадасында үздік үштіктен көрінді.
Сәкен жарақат салдарынан біршама уақыт бокстан қол үзіп алған еді. Соған қарамастан турнир барысында жанкүйер көңілінен шығатын деңгейде жекпе-жек көрсетіп жатыр.
Енді ел құрамасынан Сағындық Тоғамбай (92 келі) Сергей Слободян, Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) ресейлік Орудж Мамедовпен шаршы алаңға шығады.
Сондай-ақ аталған турнирде еліміздің әйелдер құрамасынан Айдана Забынбекова (57 келі), Ұлдана Таубай (66 келі), Римма Волосенко (60 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.