ОРАЛ. KAZINFORM — Облыс әкімінің өкімімен және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып Сәкен Мырзақұлов тағайындалды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Сәкен Мырзақұлов 1989 жылы дүниеге келген.
Білімі жоғары. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдады. Сонымен қатар құқықтану және экономика біліктілігі бойынша бакалавр дәрежесі бар.
Еңбек жолын 2013 жылы дәрігер-гинеколог болып бастап, түрлі медициналық мекемелерде жұмыс істеді. Әр жылдары Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жауапты қызметтерді атқарды.
Қазіргі лауазымға дейін БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының медициналық көмекті ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын жемқорлық дауынан кейін БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы жұмысынан босатылғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).