Жемқорлық дауынан кейін БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы жұмысынан босатылды
ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев өзінің өтінішіне байланысты қызметінен босатылды.
Kazinform бұдан бұрын хабарлағанындай, М.Өтешев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің 2026 жылғы 3 маусымдағы өкімімен 1 ай мерзімге қызметінен шеттетілген болатын.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнаш Ғұбайдуллинаның өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, М.Өтешев өз өтінішімен қызметінен босатылды.
Биылғы мамыр айында Батыс Қазақстан облысында жеті медициналық мекеме басшылары сыбайлас жемқорлыққа байланысты ұсталған болатын.
А.Ғұбайдуллинаның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда бұл ауруханалар мен емханаларда басшылық қызметінде міндетін атқарушылар жұмыс істеп жатыр.
- Осы оқиғадан кейін өңірде денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында барлық медицина ұйымдарында түсінік жұмыстары жүргізіліп, арнайы семинар өткізілді, - деді А.Ғұбайдуллина.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметінен шеттетілгенін жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да пара алған аудандық аурухана басшысы үш жылға сотталды.