Салық есептілігіндегі алшақтық анықталса, не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2025 жылдың II жартыжылдығы бойынша оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілерге камералдық бақылау нәтижелері туралы хабарлады. Хабарлама алған жағдайда оны орындауға 30 жұмыс күні беріледі.

Фото: Kazinform/ЖИ

Алшақтықтар салықтық нысандардың, электрондық шот-фактуралардың (ЭШФ) және екінші деңгейдегі банктердің мәліметтерінің (POS-терминалдар және мобильді төлемдер) деректерін зерделеу және талдау негізінде анықталды. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық төлеушілерге тиісті хабарламалар жіберілді.

Камералдық бақылаудың мақсаты — салық төлеушіге алшақтықтарды өз бетінше жою мүмкіндігін беру.

Хабарламаны алған кезде не істеу керек?

Орындауға 30 жұмыс күні — шамамен 45 күнтізбелік күн беріледі.

Егер сіз алшақтықпен келіссеңіз — қосымша салықтық есептілікті ұсыныңыз және өзіңіз есептеген салық сомаларын дербес төлеңіз.

Егер бұзушылық жоқ деп есептесеңіз — негіздемесі бар түсіндірмені ұсыныңыз. Бұл хабарламаны орындаудың тең дәрежелі тәсілі болып табылады.

Хабарламаның бар-жоғын тексеруге және оны орындауға салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы болады.

Комитет салық төлеушілерді салық міндеттемелерін уақтылы орындауға шақырады.

Ал шетелде білім алып жатқан студенттер бос уақытында жұмыс істеп, табыс тапса, кей жағдайда Қазақстанға салық төлемеуге құқылы. Толығырақ мына сілтемеден оқыңыз.