Салық жүйесі жеті платформаны біріктірді – Қаржы министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда салықтық әкімшілендіруді цифрландыру аясында Интеграцияланған салықтық әкімшілендіру жүйесі (ИСНА) іске қосылды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді.

Коллаж: Kazinform / Freepik

Оның айтуынша, жаңа жүйе бұрын бөлек жұмыс істеген жеті ақпараттық платформаны біріктіріп, ескірген технологиялық шешімдерді алмастырды.

– Қазіргі уақытта ИСНА толық іске қосылып, тұрақты жұмыс істеп тұр, – деді вице-министр.

Жүйені енгізу мемлекеттік қызметтерді көрсету және өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартты. Атап айтқанда, операциялық күнді жабу мерзімі 18 сағаттан 3 сағатқа дейін, онлайн төлемдерді өңдеу уақыты 15 минуттан 1 минутқа дейін, ал құжат айналымы 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды.

Сонымен қатар жүйе салық төлеушілердің шоттарындағы бұғаттарды онлайн режимде алып тастауға мүмкіндік берді.

ИСНА құрамында «Реабилитация және банкроттық» модулі іске қосылды. Оның арқасында прокуратура, банк және сот органдары арасындағы процестер толық цифрландырылып, құжаттарды қарау мерзімі 10 күннен 1 күнге дейін қысқарды.

Вице-министрдің сөзінше, жаңа Салық кодексі аясында жүйені одан әрі дамыту және жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін салық жүйесіндегі 14 ақпараттық платформа 5 негізгі жүйеге біріктірілгені жайлы хабарладық.