Салонын полиэтиленмен қоршап қойған жамбылдық көлігін куәліксіз жүргізген

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбылдық полицейлер әлеуметтік желіде кеңінен тарап кеткен бейнероликтің иесін іздеп тапты. Оның бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айрылғандығы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде такси жүргізушісінің коронавирус инфекциясынан қорғану үшін көлігінің салонына полиэтиленнен қоршау жасап алғаны туралы бейнежазба тараған болатын. Жамбыл облысының Полиция департаменті аталған бейнероликке назар аударып, автокөлік иесін іздеп тапты. Зерделеу барысында оның басқа да құқық бұзушылық әрекеті анықталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Меркі ауылында полиция қызметкерлері 39 жастағы өнертапқыш автоәуесқойды анықтады. Ол өзін вирустан «қауіпсіздендіру« барысында көлік жүргізу қауіпсіздігін ойламаған. Яғни қолдан жасалған бөгет жолға толықтай шолу жасауға кедергі келтіреді.

Тексеру барысында полиция қызметкерлері басқа да құқық бұзушылық дерегін анықтады. Атап айтсақ тұрғын 2018 жылы сот қаулысымен азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі бойынша көлік құралын жүргізу құқығынан үш жылға айырылған», - делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі таңда көлік айып тұрағына қойылып, жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-бөлігі және 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен құқық бұзушыға 50 АЕК (138 900 теңге) көлемінде айыппұл салынған.