Самарқандта ОА мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM - Самарқандта Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Өзбекстан Республикасының диалогтық платформаға төрағалық ету жылында өтіп жатқан Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер ведомстволары басшылары және АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан «С5 1» форматындағы министрлік кездесуге қатысты.

Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өңірлік өзара байланыстылықты нығайту және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Қазақстан СІМ басшысы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған тиімді платформа ретінде өзін танытқан «С5 1» форматының қалыптасуындағы Қазақстан мен АҚШ-тың тарихи рөлін атап өтті.

Министр сауданы кеңейтудің, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың және жеткізу тізбектерін әртараптандырудың маңыздылығына назар аударды.

Сонымен қатар іс-шара қатысушылары аса маңызды минералдар, энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптардың ұзақ мерзімді, өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайту және қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға дайындығын білдіретін Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Осыған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстанға сапарлауы мүмкін екені туралы жаздық.