«Ақтөбе» футбол клубының атақ-абыройын қайтарып, еліміздің үздіктері қатарына қосу үшін күш салып жүрген Самат Смақов 2 қыркүйек күні спорттағы карьерасын аяқтайды. Халықаралық жолдастық кездесу «Ақтөбе» ардагерлері мен «Смақовтың достары» командарлары арасында өтеді.
«Жолдастық кездесуге Қазақстан және шетел футболшылары қатысады. Олардың арасында Эмиль Кенжесариев, Андрей Сидельдиков, Андрей Богомолов, Марат Хайруллин, Жасур Нарзикулов, Александр Митрофанов, Андрей Лаврик, Қайрат Әшірбеков, Әлібек Булешов, Руслан Балтиев, Андрей Мирошниченко, Нұрбол Жұмасқалиев, Мұрат Тілешов, Андрей Финонченко, Андрей Морев, Сергей Струков, Малик Мане, Тити Эссомба, Виталий Кицак, Дмитрий Юрист, Евгений Ловчев секілді ойыншылар бар. Билет бағасы - 300 теңге. Түскен қаржының бәрі қайырымдылыққа жұмсалады»,- деп хабарлады «Ақтөбе» ФК баспасөз қызметі.
Айта кетейік, жолдастық кездесуді тамашалауға саясаткерлер мен Қазақстан футбол клубтарының басшылары, жаттықтырушылары мен футбол мамандары, «Астана KZ» және «Спарта» КТК әзілкештері қатысады. Самат Смақов өзінің әлеуметтік парақшасында спорттағы карьерасын аяқтау кешіне мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тенді досы, қадірлі қонағы ретінде шақырғанын, бірақ бұл күнге жетпегенін өкінішпен жазған болатын. Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға билеттің қай уақыттан бастап сатылатыны белгісіз. Стадион сыйымдылығы - 13 мың орын.