Қала полициясының бастығы Скотт Уолдың айтуынша, оқиға жек көру ниетімен жасалған қылмыс ретінде бағаланды.
Атыс Сан-Диего Ислам орталығында болды — бұл округтің ең ірі мешіті, қаланың орталығынан шамамен 14 шақырым солтүстікке орналасқан. Орталық аумағында Аль-Рашид мектебі де бар, онда бес жастан бастап балалар араб тілін, исламтануды және Құранды үйренеді. Мектептегі балалар зардап шеккен жоқ.
Қаза тапқандардың арасында мешіт күзетшісі бар. Полиция бастығының сөзінше, күзетші бұл трагедияның алдын алған. Қазір тағы екі құрбанның кім екені анықталып жатыр. Бір адам жарақаттанып ауруханаға жеткізілді — бірақ оған оқ тимеген.
Екі күдікті де жасөспірім болуы мүмкін, олар оқиға орнынан бірнеше квартал қашықтықта жолда тұрған автокөліктен табылды. Іздестіру жұмыстары барысында олардың жергілікті тұрғынға оқ атқаны, бірақ ол адамның зардап шекпегені анықталды.
Баспасөз мәслихатында Ислам орталығының директоры имам Таха Хасан мешітке жасалған шабуылды «қасіретті» деп атап, орталықтың дінаралық диалогты белсенді түрде насихаттап жатқанын жеткізді. Ол қайғылы оқиға болған күні бір топ адамның ислам дінін білу үшін мешітке келгенін айтты.
Америкалық-исламдық азаматтық құқық ұйымдары оқиғаны қатаң айыптады.
— Намаз оқу, құлшылық жасау кезінде ешкім өз қауіпсіздігі үшін қорықпауы керек, — деді Америка-Ислам қатынастары кеңесінің өкілі Таджин Низам.
Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом оқиға туралы дереу хабардар етілді. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Бразилияда жасөспірім мектепте оқ жаудырып, екі қызметкер мерт болды.