Сан-Диегода ұшақ апатынан адамдар қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласына жақын жерде шағын жеке ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, сегіз адам жарақат алғаны белгілі, деп хабарлайды ABC News.
АҚШ Азаматтық авиация федералдық басқармасының мәліметінше, Cessna 550 шағын ұшағы қонуға бірнеше секунд қалғанда апатқа ұшырады. Ұшақ бортында алты адам болған.
Хабарланғандай, ұшақ Sound Talent Group музыкалық агенттігінің негізін қалаушы Дэйв Шапироға тиесілі болған. Агенттік оның апаттан қайтыс болғанын растады.
Сан-Диего өрт сөндіру қызметі бастығының көмекшісі Дэн Эдди баспасөз конференциясында бес адамның түтіннен уланып ауруханаға жеткізілгенін және терезеден қашуға тырысқан бір адамның жарақат алғанын хабарлады. Тағы екі адам жеңіл жарақат алды.
Эддидің айтуынша, апатқа бүгін таңертең аймақтағы қалың тұман себеп болуы мүмкін.
Басылымның мәліметінше, ұшақ апаты салдарынан ірі өрт шыққан.
Салдарынан 10 ғимарат пен бірнеше көлік бүлінді. Олардың біреуі толығымен жойылды.
Ұшақ бортындағы құрбандардың нақты саны әлі белгісіз. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Калифорнияда шағын ұшақ тұрғын үйлерге соғылғанын жазған болатынбыз.
Ал Финляндияда тікұшақ апатынан бес адам қаза тапты.