Санатәлі Төлтаев бокстан әлем кубогы 1/8 финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан әлем кубогының екінші күні, 16 маусымда қазақстандық Санатәлі Төлтаев жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Фото: olympic.kz

Отандасымыз 1/16 финалда әзербайжандық Малик Хасановпен қолғап түйістірді. Қос боксшы да алма кезек шабуылдармен алмасып, шиеленісті жекпе-жек өткізді. Бірақ 2-раундта Әзербайжан өкілі қабағынан жарақат алып, жеңіс Санатәлі Төлтаевқа берілді.

Енді ел құрамасынан тағы 5 боксшы шаршы алаңға шығады. Олардың қатарында Тимур Нұрсейітов (75 келі), Тимур Қабдешов (55 келі), Назым Қызайбай (54 келі, Лаура Есенкелді (70 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі) бар.

Еске салсақ, 15 маусымда әлем кубогы екінші кезеңінде ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (80 келі), Нұрбек Оралбай (90 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары), Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.

Өкінішке қарай, ел құрамасынан Наталья Богданова (75 келі) қарсыласына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.