АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 1013-ракеткасы Сандуғаш Кенжебаева Астанада өтіп жатқан ITF W35 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Қазақстандық жас теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 1268-орында тұрған әзербайжандық Мишель Джачангированың мысын басты.
Бірінші партияда Сандуғаш 7:5 есебімен басым түсті. Екіншісінде қарқынын тіпті үдетті – 6:1. Кездесу 1 сағат 19 минутта аяқталды.
Сандуғаш Кенжебаева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 417-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, ресейлік Татьяна Прозоровамен таласады. Ол екінші айналымда отандасы Аглая Федорованы қапы қалдырды – 6:2, 4:6, 6:1.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 866-сатыдағы Соня Жиенбаева әлемнің 349-ракеткасы, оңтүстіккореялық Да Ён Бэкке жол берді – 5:7, 6:7 (1:7). Бұл тартысты матч 2 сағат 7 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисшілер Кенжебаева мен Жиенбаеваның Астанадағы жарыстың 1/8 финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).