АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 19 жастағы Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Анталия 2 (Түркия) ITF W15 турнирінің финалына шықты.
Кенжебаева бір апта бұрын түркиялық Илай Йорикпен бірге осы жарыста жеңімпаз атанған еді.
Бұл жолы чехиялық Элиска Тихачковамен жұптасқан Сандуғаш финалға барар жолда үш кездесуін сәтті өткізді. Соның ішінде ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, швейцариялық Мари Меттро – болгариялық Изабелла Шиникованы 7:6 (7:4), 1:6, 10:3 есебімен тізе бүктірді.
С.Кенжебаева – Э.Тихачкова жартылай финалда қытайлықтар Уайжинг Цао – Ле Вай Люды жеңді – 6:2, 6:3.
Тағы бір қазақстандық Асылжан Арыстанбекова ресейлік Дарья Шадчневамен бірге жартылай финалда германиялық Жоэль Лилли-Софи Стойр – бельгиялық Амели Ван Импеге жол берді – 7:5, 3:6, 9:11.
Дәл осы жұппен Сандуғаш Кенжебаева мен Элиска Тихачкова чемпиондыққа таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Сандуғаш Кенжебаеваның Анталиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).