АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, WTA рейтингісінде 1 465-орында тұрған Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Луан (Қытай) ITF W15 турнирінің финалына өтті.
Қазақстандық спортшы ресейлік Мария Калякинамен бірге әуелі тартысты бәсекеде қытайлықтар Яцзин Цао — Юпин Ванды жолдан тайдырды — 2:6, 7:5, 10:7.
Қазақстандық-ресейлік жұп ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, жергілікті теннисшілер Цзяи Ван — Ихань Ванға тап келді.
Қарсыластарының фаворит болғанына қарамастан, Сандуғаш пен Мария бұл жолы да супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 6:2, 2:6, 12:10.
С.Кенжебаева — М.Калякина жартылай финалда тағы да қытайлықтар Линжу Ге — Сяо Танмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелді. Екінші сетте қазақстандық-ресейлік дуэт тай-брейкте сәтті ойнады — 7:6 (7:5).
Осылайша, финалға жолдама алған Сандуғаш Кенжебаева — Мария Калякина соңғы бәсекеде Қытай елінің өкілдері Чэнь Янь — Ма Жосимен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Испаниядағы турнирдің финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).