Санитариялық талапты бұзған 470 демалыс нысанына шектеу қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жазғы туристік маусым басталғалы еліміздегі туристік аймақтар мен қоғамдық жағажайларда санитариялық бақылау күшейді. Осы кезеңде санитариялық талаптарды сақтамай жұмыс істеген 470 нысанның қызметі шектелді.

Фото: Қонаев әкімдігі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова айтты.

Оның сөзінше, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің негізгі міндеті — демалыс орындарындағы тазалықты қадағалап, жұқпалы аурулардың алдын алу.

— Қазір Комитеттің аумақтық бөлімшелері 1 225 туристік аймақ пен 304 қоғамдық жағажайдың санитариялық жағдайын тұрақты бақылауда ұстап отыр. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 900 ұсыным берілді. Оның басым бөлігі рұқсат құжаттарының болмауына қатысты. Сонымен қатар санитариялық талаптарды бұзып жұмыс істеген нысандарға қатысты 470 жедел шара қабылданып, олардың қызметі шектелді, — деді Сархат Бейсенова.

Спикердің айтуынша, бұдан бөлек 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Соның нәтижесінде соттар 6 жағдайда кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарған.

Оның айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 247 нысан анықталған заңбұзушылықтарды жойып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алған.

— Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды нысанның тексеру кезінде санитариялық талаптарға сай екенін көрсетеді. Ал кейін де санитариялық талаптардың сақталуы Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің тұрақты бақылауында болады, — деді комитет төрағасы.

Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі тағамнан улану деректері бойынша 8 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген болатын.