Санитарлық бекетте көлігімен полицейдің аяғын басып кеткен қызылордалық жауапқа тартылды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Жалағаш ауданында санитарлық бекетте көлігімен полицейдің аяғын басып кеткен тұрғын қылмыстық жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда қаласының 28 жастағы тұрғыны «Toyota Camry» көлігімен Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылы тұсында орналасқан санитарлық бекетке келеді. Онда полиция қызметкерлері аудан орталығына баруға рұқсат етпейді. Сол сәтте ол дөрекілік көрсетіп, тәртіп сақшыларын балағаттайды. Көлігімен полиция қызметкерінің аяғын басып кетеді. Одан кейін оқиға орнынан бой тасалайды.

«Билік өкілін қорлаған азамат ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Оған қатысты карантин режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабына сәйкес (төтенше жағдай режимін бұзу) әкімшілік іс қозғалып, аудандық сотқа жолданды. Жалағаш аудандық сотының қаулысымен құқық бұзушы екі тәулікке қамалды. Одан бөлек, ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабының 1-бөлігімен (билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалы жүргізіліп жатыр. Полиция күдіктіні қолхатпен босатты», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.