АСТАНА. KAZINFORM – Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында ерлер және әйелдер арасында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Санжар Тәшкенбай финалға шықты.
Әлем және Азия чемпионы Санжар Тәшкенбай 48 келіге дейінгі салмақта жапониялық Кадзума Аратакемен қолғап түйістірді.
Бұл олардың бірінші кездесуі емес, 2022 жылы Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия біріншілігінде финалда Санжар К.Аратакені төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіп, чемпион атанған еді.
Бұл жолы бірінші раундта-ақ Санжар қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші кезеңде де есеп өзгерген жоқ – 5:0. Қорытынды есеп – 5:0.
Осылайша, Санжар Тәшкенбай ерлер арасында қазақ боксшыларынан алғашқы болып финалға жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында Гүлсая Ержанның өзбекстандық қарсыласын жеңіп, финалға шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Азия чемпионатында 10 қазақстандық боксшы финал жолдамасын сарапқа салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).