Сапарбаев «Ақтөбе» футбол клубының ұжымымен кездесті

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін Орталық стадионға барып «Ақтөбе» футбол клубының ұжымымен кездесті. Өңір басшысы балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубы алғашқы екі ойынды жастар құрамасымен өткізді. Тыйым салынған соң легионерлерге де, басты ойыншыларға да алаңда орын болмады. Бұл аралықта жастар өздерінің табандылығын көрсетіп, қарсылас командаға гол соқты. Бүгін өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Ақтөбе» ФК басшылығымен және жаттықтырушылар құрамымен кездесіп, ақтөбелік ойыншылардың нәтижесіне өз пікірін білдірді. Жиынға клубтың бас директоры Самат Смақов, бас жаттықтырушы Владимир Муханов, жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Валерий Алемаскин, «Ақтөбе-Жас» клубының бас жаттықтырушысы Игорь Прочницкий қатысты.

«Біздің жастарымыз Ақтөбеде футбол ойыны бар екенін көрсетті. Сіздің міндетіңіз - бірлікті сақтау, команданың жауынгерлік рухын көтеру, жанкүйерлердің үмітін ақтау үшін күш біріктіру. Клуб жұмысындағы ашықтықты, тазалық және тәртіпті қамтамасыз ету маңызды. Өз кезегінде, аймақ басшылығы сізге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастырады», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, С.Смақов, В.Мұханов, В.Алемаскин, И.Прохницкий жаңа ойыншыларды тіркеуге тыйым салу шектеуін алуға көмектескен өңір басшысына алғысын білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында Ақтөбе ұсынатын «Ақтөбе-Жас» командасын құру кезінде әкімдік қолдау көрсететін болды. Әрі мемлекеттік органдарға «Ақтөбе» футбол клубымен бірге барлық қаржылық  мәселелерді шешуге, клубтың инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын жақсартуға, Ақтөбе футбол мектебінің тәрбиеленушілерінен кәсіби ойыншыларды дайындауға тапсырма берді.

Кездесуде аймақтағы балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту міндеттелді.