Ақтөбе қаласында «Бақытты бала» жобасы аясында үздіксіз жұмыс істейтін «Артек» лагері салынып жатыр. Лагерьдегі оқу ғимараты кітап дизайнында болады. Таяуда балаларға арналған жатын орынның құрылысы басталады. Себебі, лагерь жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда балалар оқуын жалғастырып, демалады; өзге замандастарымен танысып, байланыс орнатады.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аумақты абаттандыру және сәндік-декоративті безендіру мәселесіне назар аударуды тапсырды.
«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қаланы аралау кезінде Неке сарайын қарап шықты. Қазіргі уақытта ғимараттың әрлеу жұмыстары аяқталып келеді. Жалпы алаңы шамамен 6000 шаршы метрді құрайды. Қала әкімі Ілияс Испанов облыс басшысына Ақтөбе қаласының орталық демалыс саябағы аумағында салынатын ғашықтар аллеясы, орман және тарихи аймақтарды таныстырды. Кейін Бердібек Сапарбаев «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығының, мүгедек балаларға арналған оңалту орталығының және теннис орталығының құрылысы барысымен танысты. «Аналарға тағзым» орталығы Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында салынуда. Кешенде психологиялық жеңілдету және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы даму, музыкалық білім, стилистика және дизайн, отбасылық тренинг және басқа да кабинеттер жұмыс істейді. Орталықта отбасындағы әйелдердің рөлін күшейту, болашақ аналарды қазақ халқының салт-дәстүрлерін ескере отырып тәрбиелеуге баса назар аударылады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Ал балаларды оңалту орталығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтереді. Балаларды әлеуметтік, психологиялық және медициналық оңалтуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта облыста 3 мыңнан астам мүгедек бала тәрбиеленіп жатыр.
Айта кетейік, облыс басшысы жауапты мемлекеттік органдарға нысандар құрылысының уақтылы орындалуы мен сапасын мұқият қадағалауды тапсырды.