Сапарбаев Ақтөбедегі «Тәуелсіздік монументінің» көшірмесіне қатысты пікір білдірді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Тәуелсіздік монументі» көшіріледі. Ал қаланың бас даңғылында жүргіншілер жолы пайда болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі «Тәуелсіздік монументі» ескерткішінің көшірмесі туралы дау сотқа жетіп, қалалық әкімдік кәсіпкермен арадағы қарым-қатынасты заңды жолмен шешті. Сот Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы балалардың ойын алаңы мен ескерткішті, шағын зообақты алып тастауға шешім шығарды. Бұл жерде жүргіншілер жолын салу жобасы да дайындалға н. 
Халық арасында түрлі пікір тудырған балалардың ойын алаңы қазір тегін қызмет көрсетіп жатыр. Кез келген бала таңертеңнен кешке дейін алаңсыз ойнап жүре алады.
Алайда әкімдік «Тәуелсіздік монументі» ескерткішін көшіру туралы ойға бекінген. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкермен арада келісім бар екенін айтып берді.

«Мешіттің бәрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында тіркелуі керек. «Нұрдәулет» мешіті биыл ғана тіркеуге алынды. Екінші сұрақ, зообаққа қатысты болды. Қаланың ортасында зообақ тұрғанын қайдан көрдіңіздер? Кішкентай ғана жер. Бұл дұрыс емес. Керік өліп қалды. Келесі сұрақ - «Тәуелсіздік монументі» ескерткішінің көшірмесі. Әр адам өз ауласында еліміздің символын орнатса не болады? «Нұрдәулет» сауда үйінің иесіне «басқа жерге көшірейік» деп айттым. Біз бұл көшеге жүргіншілер жолын салғымыз келеді. Жол облыс әкімдігінен басталып, қонақ үйге дейін барады. Құрылысты бастаймыз. Сол жердің бәрі осы жүргіншілер жолына дәл түсіп тұр. «Ешқандай сұрақ жоқ,мен сізді түсіндім, келісемін» деп айтты кәсіпкер»,- деп өз ойын білдірді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.