Сапарбаев: Ақтөбеліктер бір-біріне көмектесуі керек

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде 900-ден астам үйді су басып, 95 үй жарамсыз болып қалды. Жаңа құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті ірі өндіріс орындарының басшыларына көмекті күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде үйі қирап қалған адамдардың бір тобына жер телімі берілді. Қазір Ақтөбе қаласы аумағындағы Өрлеу, Қызылжар, Сазды, Қурайлы ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс материалдары үшін оларға «Қолқанат Ақтөбе» қорынан 1 миллион теңгеден қаржы бөлінген. Үй салу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құрылыс басына ірі кәсіпорын басшыларын жинап, көмекті күшейтуді тапсырды. Себебі, «Маңғыстаумұнаугаз» компаниясы 56 миллион теңге бөлген кезде өңірдегі мұнай мен газдың басым бөлігін өндіріп отырған қытайлық «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы бар болғаны 5-6 миллион теңге аударған. Ол да жұмысшылардың жалақысынан бөлінген ақша.

«Су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға ірі кәсіпорындар көмектесуі керек. Өкінішке қарай көбі көмектеспейді. Баспанасыз қалған отбасылардың басым бөлігі көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, мүгедек жандар. Алғаш кезде Маңғыстау мұнайшылары көмектесті, Тараз университеті 4 миллион теңге аударды. «Қолқанат Ақтөбе» қорына барлығы 144 миллион теңге түсті. Біз бәріне көмектесеміз. Кейбір отбасылар ұмыт қалуы мүмкін, бірақ ешқайсысын ескерусіз қалдырмауымыз керек. Барлық басшылар ойланып, жауабын айтады. Ақтөбеліктер бір-біріне көмектеспесе, басқалардан не сұраймыз? Басқа өңірдің кәсіпорындары алдында ұят болмасын», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Өңірдегі ірі компаниялардың қаржылық жағдайын жақсы білетін облыс әкім оң нәтиже шығаруды тапсырды. Яғни, ірі өндіріс орындары бір күндік жалақыны аударумен шектелмей, құрылыс кезінде көмек көрсетуі тиіс.

Айта кетейік, Ақтөбедегі су тасқыны кезінде барлығы 918 үйге су басты. 95 үй жарамыз болып қалды. Қазір 80 адамға жер телімі беріліп, құрылыс басталды. 15 адамға үй берілді.

«Ауданның әрқайсысы бір отбасыға пәтер алып береді. Жұмыс басталды. Мұғалжар, Темір аудандары үй сатып алып берді», - деді Б.Сапарбаев.