Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Темір ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуымен танысып, тұрғындарымен кездесті. Темір қаласында С.Бәйішев атындағы орта мектепке қазір 400 бала оқып жатыр. Биыл күрделі жөндеу жұмыстарына 17 миллион теңге бөлініп, игерілді. Мектептегі физика, химия, биология, информатика кабинеттері жабдықталып, интерактивті сыныптар жұмыс істеп тұр. Оқу орны «Samruk-Kazyna Trust» қорының «Менің елім» жобасы аясында қажетті спорт құралдарымен жабдықталған. Өңір басшысы өз сапары кезінде 1870 жылы салынған шіркеуді қалпына келтіру жұмысымен танысты. Бұл - облыстағы ең көне ғимараттардың бірі, сәулет ескерткіші болып табылады.
Кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Кеңқияқ ауылына барды. Мұнда биыл 250 орынды «Зере» балабақшасы ашылған болатын. Сонымен қатар 40 орынға арналған хостел жұмысын бастады. Ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде өңір басшысы халықты кәсіпкерлікпен, ауыл шаруашылығымен, соның ішінде суармалы егіншілікпен айналысуға шақырды. Аудандағы елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, еңбекақыны көтеру және жаңа мәдениет үйін салу мәселелері талқыланды. Кездесу Шұбарши ауылында да өтті.
«Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар бар. Кеңқияқ пен Шұбаршида олар пайдаланылып жатқан жоқ. Бұл бағдарламалар ауылды жұмыспен қамтуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға зор мүмкіндік береді, тек ниет болса болғаны, ерінбей, мемлекеттің көмегін пайдалану керек»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Кездесу кезінде ауыл тұрғындары автокөлік жолдарын жөндеу, медициналық бекет пен спорт ғимараттарын салу бойынша сауалдарын қойды.