Ақтөбе әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жиын өтті. Жиын кезінде бюджеттің игерілуі сөз болды. Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, өткен жылы жергілікті бюджеттің нақты түсімі 100,6 млрд теңгені құрады.
«Барлық аудан мен қала бюджетінің кірісі артты. 2015 жылмен салыстырғанда өткен жылы кіріс 13 миллиард теңге өсіп отыр. Ал шығыс бөлігі 99,4% немесе 228,5 млрд теңгеге орындалды. 1,4 млрд теңге игерілмей қалды»,- деді Г. Сүйінтаева.
Аудандар мен облыстық бюджеттік мекемелер қаржыны толық игерген. Тек Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы жоспарлы жұмысты атқара алмады.
«Біз әр апта сайын жиналыс өткізіп, бюджеттің игерілуін тармақтар бойынша қарастырдық. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген қаржыны жүз пайыз игеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Алайда, бұл тапсырма толық орындалған жоқ»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі қаржының не себепті игерілмей қалғанын анықтап, жауапты қызметкерлерді жазалауды тапсырды.