Сапарбаев экология мәселесін шеше алмаған басшыға өндірісті аймақта тұруды ұсынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе халқы жағымсыз иістен шаршап, биліктен көмек сұраған еді. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев атмосфераны ластап отырған кәсіпорын басшылары мен оларды бақылайтын экологтарды жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбенің экологиялық жағдайы мәз емес. Тұрғындардың аллергияға шалдығып жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Денсаулығына ешқандай шығым айтпаған адамдардың жөтеліп-түшкіріп, өздерін жайсыз сезінуі соңғы күндері жиілеп кетті. Сонымен қатар, жағымсыз иістен шаршаған қала тұрғындары бірігіп, мәселенің шешімін сұрады.
Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев экологтарды, санитар мамандар мен ірі және орта бизнес иелерін жинады. Өңір экологиясын ластайтын 167 ірі және орта кәсіпорын анықталса, оның 9-ы ауа қауіпті қалдықтарды атмосфераға шығарады. Олардың арасында өңір экономикасының тірегі болып отырған Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, құрылыс материалдарын шығаратын «Стройдеталь» серіктестігі мен Ақтөбе хром қосындылары зауыты бар. Көбіне ауаға күкіртті сутек тасталып, адамдардың тыныс алу жолдарына кері әсерін тигізіп жатыр. Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов есеп берді. Бірақ жұмыс мардымсыз.
«Жыл өткен сайын экологиялық жағдай нашарлап бара жатыр. Бәрінде өсім бар. Өсім болмаса, адамдар шағым айтып, ауруға шалдықпас еді. Сізді (Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов-ред) зауыттар орналасқан Махамбетовка ауданына көшіру керек. Бір ай сол жерде тұрыңыз, кейін не айтатыңызды көрейік. Сіздер ол жаққа бармайсыздар. Мен барып, халықпен кездескен кезде жағымсыз иісті сезбегендей кейіп танытамын.  Бірақ мен жағымсыз иісті сеземін. Олар күн сайын сол иіспен өмір сүріп жүр. Өз-өзімізді сендіріп, бәрі жақсы деп алдамайық. Бәрі жақсы болса, адамдар ауырмас еді»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Жиын кезінде өңір басшысы нақты жұмыстардың нәтижесін сұрап, экологиялық талаптарды орындамаған кәсіпорындарды заң бойынша жазалауды тапсырды.