«Ақтөбе» футбол клубына бас бапкер болып Владимир Муханов тағайындалып, бүгін ол командаға таныстырылды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев футболдағы жағдайдың қиын екенін айтып, ойыншыларды бір отбасының баласындай жұмылуға шақырды.
«Ақтөбе» футбол клубын дамыту үшін көп адам Владимир Мухановты қайтаруды сұрады. Ол бас бапкер болған кезде команда Қазақстан чемпионы, Супер Кубок иегері болып, Еуропа Лигасы ойындарына қатысты. Сондықтан Владимир Мухановқа өтініш жасадық. Өткен аптада жеке кездесу өтіп, келіссөз жүрді, ол келісті. Қазір клубтың жағдайы жақсы емес, бірақ шешімі табылады. Алда әлі 10 ойын бар. Оның төртеуі сырт алаңда өтеді. «Қайрат», «Астана», «Ордабасы» секілді мықты командалармен арадағы ойын біздің орталық стадионда өтетінін ескерсек, жағдайды дұрыстауға мүмкіндік бар. Айта кетерлігі, командадағы моральдық-психологиялық жағдай дұрыс болуы керек. Қазір ондай жоқ. Бұрынғы бас бапкер Рахаевтың өзі ұнататын ойыншылары болған. Спортта сүйікті ойыншылар болмауы керек»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Спортшылармен кездесу әрі бас бапкерді таныстыру кезінде өңір басшысы жігіттерде намыс болуы керектігін қайталап айтты. Кей ойыншыларды орнынан тұрғызып, алаңдағы көрсеткіштерін сынады.
«Біз ешкімге ешқандай уәде бермейміз. Жұмыс істесеңдер, жалақы аласыңдар, жұмыс істемесеңдер, жалақы алмайсыңдар. Легионерлерге жеткізу керек. Оларды біздің жастар тәжірибе жинасын, өз білгенімен бөліссін деп шақырдық. Тек ойнап кетпесін. Талап мықты болады.
Бір отбасыдай жұмыс істейік. Біз өз уәдемізді орындаймыз, сендер де уәдеде тұрыңдар. Жағдайды жақсарту үшін бар күштеріңді салыңдар»,- деді Б.Сапарбаев.
Айта кетейік, 13 маусымда кезекті трансфер ашылады. Жергілікті әкімдік бас бапкер Владимир Мухановқа шектеу қоймайтындарын, бұрынғы ойыншыларды командаға қайтару келісімі жүріп жатқанын жеткізді. «Командада 25 ойыншы болса, оның 11-і жергілікті футболшы екен. Бірақ олардың алаңда жүргенін көрмейсін. Ең болмаса 10-15 минутқа шығару керек. Олай болмаса жергілікті футболшыларды тәрбиелей алмаймыз», - деді Б.Сапарбаев.