Ақтөбеде «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Ауыл жұмыссыздарына кәсіпкерлік негіздерін түсіндіру, қысқа мерзімді курстарда оқыту, әлеуметтік мәселелерді шешу, діни ахуалды тұрақтандыру жұмысы аясында бірқатар аудандарда ауқымды шара ұйымдастырылды. Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуымен танысып, тұрғындармен кездесті.Үш ауылды қамтитын Табантал ауылдық округінде 500-ден астам адам тұрады. Екі ірі компания, 40-тан астам шаруа қожалығы бар. Ширек ғасыр бұрын салынған ауыл мектебінің шатыры ауыстырылғанымен әлі де жөндеу жұмыстары қажет. Облыс әкімі кабинеттерді, асхана, спорт залды қарап шығып, ғимараттың ішкі безендірілуіне қатысты бірқатар ескертулер айтты.
«Облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының жүзеге асырылып жатқандығын білесіздер. Құрамына сарапшылар, теологтар, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін топтар 9 қазаннан бастап Әйтеке би, Мұғалжар, Мәртөк, Темір, Қарғалы, Байғанин, Шалқар және Хромтау аудандарында жұмыс жасап жүр. Бәрі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге, діни экстремизмнің алдын алуға, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу сұрақтарын түсіндіруге, өңірдегі бизнес ортаны дамытуға бағытталған»,- деі Бердібек Сапарбаев. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауыл тұрғындары 28 шақырымдық жолдың жағдайын айтты. Алдағы уақытта жолды тегістеу, шұңқырларды қалпына келтіру жұмысы жүреді. Кездесу кезінде Бердібек Сапарбаев отын, малдың жем-шөбін алдын ала ойластыру керектігін тұрғындардың есіне салды. Ал Ақжар ауылдық округіндегі кездесу кезінде көшені жарықтандыру және ауылдардың бірін газдандыру сұрақтарының шешімін талқылады. Жол бойындағы қызмет көрсету сапасы да тексерілді.
«Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту керек. Жол бойындағы кемпингтер, автосервистер мен дәмханалар жұмыс көзі, пайда табуға берілген мүмкіндік»,- деді өңір басшысы. Кейін Хромтау ауданының ішкі істер бөлімінің жедел басқару орталығының жұмысымен, №6 қалалық гимназияның қызметімен танысты. Жоспар бойынша Хромтауда әлеуметтік топқа арналған 48 пәтерлі екі үй, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, аудандық әкімдіктің әкімшілік ғимаратының құрылысы жүргізіледі.
«Мобильді топтар азаматтарды толғандырған мәселелерді сол жерде шешіп, оларға қажетті кеңес беру үшін жұмыс істейді. Сонымен қатар, бір-бірімізге хабарлап отырып шешетін мәселелер де бар. Бұл ең алдымен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қатысты. Әр ата-ана өз баласын қадағалап, оның немен айналысып жатқанын, неге қызығатынын, түнде қайда жүретінін білуі тиіс. Әр оқушының болашағы мұғалімге байланысты. Балаларымызды Отанын, жерін, отбасын, ұлттық салт-дәстүрін сүюге тәрбиелеуіміз қажет. Елбасы өзінің «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» атты мақаласында осы жайында айтқан болатын», -деді Бердібек Сапарбаев Хромтау тұрғындарымен кездесуі кезінде.