Сапарбаев ірі мұнай компаниясына ұсыныс айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі мұнай-газ компания өкілдерімен кездесіп, ұжымдық келісімшарттың орындалуын талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбедегі ірі мұнай компанияларының басшыларымен өткен жиында инвестиция салу, ұжымдық келісімшартты орындау, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі секілді мәселелер қамтылды.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бір күнде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ұлы Қабырға», «ҚазахОйл» ЖШС жұмысымен танысты. Ең ірі мұнай өндіруші - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ. Бұл компанияға өндірілетін мұнайдың 67% және газдың 88% тиесілі. Әрі Қазақстанның мұнай нарығындағы көмірсутек шикізатын өндіру үлесі 7,7 пайызды құрайды. Қазіргі кезде компанияда 6,3 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь жиынға қатысушыларға өткен жылдың қорытындысын жеткізді.  Өткен жылы кәсіпорын 5 миллион тонна мұнай және мұнай өнімдерін өндірген. Сонымен қатар, 5,105 миллиард текше метр тауарлы ілеспе газы таратылды. Бұл компания тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Өндірісті дамытуға шамамен 100 млрд теңге инвестиция салынды.

«Акционерлік қоғам басшылығының есебі қанағаттандырарлық, жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы әлеуметтік-серіктестік қарым-қатынас тұрақты. Басшылық Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қойған тапсырмаларынтың маңындылығын түсініп отыр»,- деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Жиын кезінде өңір басшысы Өнер орталығын салған мұнай компаниясына өз алғысын жеткізді. Мәдениет ошағы өткен жылы салынып, пайдалануға берілді. Жоба құны - 1,5 миллиард теңге.

«Өнер орталығының ашылуы қаламыздың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Ақтөбеліктердің атынан осы ерекше нысанның құрылысы үшін ризашылығымды білдіремін. Әлеуметтік жауапкершілікті одан әрі тиімді жүзеге асыру мақсатында Ақтөбеде ел Президентінің «Цифрлық Қазақстанға» көшу міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық технологиялар орталығын салуды ұсынамыз»,-деді Б.Сапарбаев.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы ұжымдық келісімшарттардың орындалуын, жұмысшылардың еңбекақыларын кемінде 15% арттыруды, жұмыс орындарының сақталуына және шетелдік жұмыс күші санын азайтуға баса назар аударды.

Кездесу соңында облыстық әкімдік, «СНПС - Ақтөбемұнайгаз» АҚ және кәсіподақтардың аймақтық бірлестігі арасында еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелері бойынша меморандумға қол қойды.