Ақтөбедегі жолаушылар тасымалымен айналысатын «Автопарк» ЖШС бұған дейін бірнеше рет әкімдікке ұсыныс жасап, жолақыны қымбаттатуды сұраған болатын. https://kaz.inform.kz/news/aktobe-tasymaldaushylaryna-zholaky-tarifin-koteruge-ruksat-etilmedi_a2986799 Бірақ қалалық әкімдік рұқсат бермей, шығындарды есептеп, құжаттарын тапсырған компанияның тарифті көтеру сұранысын кері қайтарды. Кейін жолаушылар тасымалымен айналысатын компания банкрот боламыз деп қайта-қайта баспасөз мәслихатын өткізді. Екі арада жолаушылардың шағымы көбейіп, автобус ішінің тазалығы, қызмет көрсетуі туралы сұрақтар өршіді. «Қоғамдық көліктердің уақыт ара қашықтығы мен қозғалыс кестесі, қалалық автобустар салонының санитарлық-техникалық жағдайы көңіл көншітпей отыр. Ақтөбеліктер кейде аялдамада сағат бойы тұрып қалатындарын айтып, шағымдануда. Тариф көтерілмейді! Сіздер жеңіл жолды тауып алғансыздар. Барлық сұрақты тариф арқылы шешуге дағдыланғансыздар. Кіріс әкелетіндей жұмыс істеу үшін тиімсіз шығындарды азайтып, түсетін пайданы бақылауды күшейтіңіздер»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Қаржы тапшылығын сылтау еткен «Автопарк» және «Ақтөбе қаласының «Жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС-нің барлық автобусқа GPS бақылау орнатуы міндеттелді. Жұмысты «Жолаушылар тасымалын басқару орталығы» ЖШС үйлестіреді. Бүгінде «Ақтөбе қаласының Жолаушылар тасымалы кәсіпорны» ЖШС-нің барлық автобустары мен шағын автобустары GPS-тректермен жабдықталған екен. Ал «Автопарк» ЖШС көліктерге қондырғыны орнату жұмысын әлі жалғастырып жатыр. GPS арқылы автобустардың қозғалысы, айналымда болған уақыты, аялдамалар саны автоматты түрде шығарылады. Бәрін бір желі арқылы бақылауға мүмкіндік бар. «Алдағы уақытта кез келген жолаушы автобустардың қозғалысы біле алады. Арнайы мобильді қосымша даярланып жатыр. Жүйе жұмысы бір айдың ішінде шешілетін болады»,-деді қала әкімінің орынбасары Жандос Байырханов. Ақтөбеде GPS-трекерлерден кейін жолаушылардың нақты санын анықтауға мүмкіндік беретін электронды билетті енгізу жоспарланып отыр.