Сапарбаев коммуналдық базарларды бақылауды тапсырды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Коммуналдық базарлардың барлығы жұмыс істеуі керек. Ақтөбе облысы әкімінің аппарат қызметкерлері енді күн сайын базар жұмысын бақылайтын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықтың әлеуметтік осал тобын арзан азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған коммуналдық базарлар тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев базарларға жауапты «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жылдық қорытындысын тыңдап, нақты тапсырмалар берді.

«Біз қаржы бөліп, базарлар аштық. Ендігі міндет - тұрақты жұмыс. Сіздер таңертең, кешке бақылау жүргізесіздер. Екіншіден, базарда азық-түлік мол болуы керек. Ақтөбедегі 20 базар әзірге жеткілікті»,- деді өңір басшысы.

Айта кетейік, «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 37 миллион теңге бөлінген болатын. Бірақ базарлардың бәрі толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Дегенмен, биыл тұрақтандыру қорына 1600 тонна көкөніс пен картоп сақталды. Ертеңнен бастап азық-түлік сататын базарлардың уақытылы жұмыс істеуін облыс әкімі аппаратының қызметкерлері бақылайды.