Сапарбаев өрт қауіпсіздігін сақтамаған базарды жабуды ұсынды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Облыстық ТЖД өрт қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтамаған базар әкімшілігіне қатысты экономикалық сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев орталық базардың қызметімен танысты. Облыстық ТЖД басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, Орталық базарды тексеру кезінде өрт қауіпсіздігі ережесінің 32 талабы бұзылғандығы анықталды. Оның ішінде өрт болса эвакуациялық шығу жолдары дұрыс көрсетілмеген, бұралаңы көп жерден тез кету мүмкін емес. Әрі арнайы техника базар ішіне кіре алмайды. Дабыл құралында да ақау бар.

«Анықталған қателіктер маусым айының соңына дейін түзетілуі тиіс. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық ауданаралық экономикалық сотына анықталған қателіктерді қалпына келтіргенше жұмысты тоқтату туралы шағым түсірілді»,- деді Бауыржан Сыздықов.

Өңір басшысы базар жұмысымен танысқан соң қызметті реттеу және баға белгілеу мәселелерін, соның ішінде санитарлық және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Егер жұмыс істеймін десе адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін және заң бұзушылықтарды жойсын. Жоймаса, жауып тастасын» - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.