Сапарбаев орынбасарлары мен аудан әкімдерінің жұмысына қанағаттанбады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 2017 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қорытындыланды. Облыс әкімі Б.Сапарбаев бөлінген қаржыны толық игермеген, бюджет түсімін арттыруды қамтамасыз ете алмаған орынбасарлары мен аудан әкімдерінің жұмысына «нашар» деп баға қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5 пайызға артып, 1,5 триллион теңгені құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 7,9 пайызға артты. Салық түсімі 472,6 миллиард теңге болды. Дегенмен қаржыны толық игере алмай, бюджетке кері қайтарғандар мен өндіріс өсімін қамтамасыз ете алмаған аудандар бар. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылдың қорытындысын тыңдап, кемшіліктерге жол берген орынбасарлары мен қала, аудан әкімдерінің жұмысын сынады.

«Әйтеке би, Қарғалы аудандарының көрсеткіші нашар. Әйтеке би ауданы 2017 жылдың соңында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң болады деп есеп берген болатын. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында да жұмыс нашар жүріп жатыр. 2017 жылы Әйтеке би ауданында бірде-бір білім, мәдениет, денсаулық сақтау нысаны салынбады. Жаңа әкім келген соң ауданның көрсеткіші төмендеді. Бір сөзбен айтқанда, ауданның жұмысы нашар»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.



Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев 2016 жылы жаңадан тағайындалып, министрліктегі жұмысын тастап, ауданға келген болатын. Ол көрсеткіштердің төмендеу себебін түсіндірді.

«Тау-кен өндірісінде қиындықтар бар. Себебі, мыс компаниясы жұмысын тоқтатып, бір өндіріс орны іске қосылды. Биыл көрсеткіш оң болады. Инвестиция тарту көрсеткіші 85 пайызды құрады. Меже орындалмады. Ал «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 111 миллион теңгеге спорттық нысан салу жоспары бар»,- деді аудан әкімі Мәлімбет Ибрашев.

Жыл қорытындысы кезінде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың да жұмысын тиянақты атқара алмағаны белгілі болды.

«Ақтөбе қаласы бойынша 1,4 миллиард теңге игерілмей қалды. Кезінде «ақша берсеңіздер бәрін толық орындаймыз» деп айтқан едіңіздер, бірақ орындалмады. Инвестиция тарту тапсырмасы да толық іске аспады. Бар болғаны 90 пайыз ғана. Өте нашар. Ақтөбе қаласы инвестицияға қол жеткізе алмаса, ақша басқа қайда келеді?»,- деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, Хромтау ауданында зауытқа арналған газ құбырын тартуға ақша сұрап, оны игере алмай, бюджетке кері қайтарды. Жиын кезінде Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқамасы да қаржыны игермегені белгілі болды.

«Басқа өңір спортқа ақша таба алмайды, ал бізде игерілмей қалған. Есет батыр атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың жөндеу жұмысы толық орындалмады. Мемлекеттік сатып алу барлық басқармада бар, тек спорт басқармасы қиындыққа тап болған»,- деді Б.Сапарбаев.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев инвестициялық жобаларға, өндіріс пен жалпы экономикаға жауапты Асқар Биахметовтың, шағын және орта бизнес пен өндірісті модернизациялауға жауапты Қайрат Бекеновтің жұмысын сынап, «нашар» деп баға берді.