Сапарбаев үкіметтік емес ұйымдарға жаңа идея жетіспейтінін айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесті. Өңір басшысы жаңа идеялар мен нақты ұсыныстардың жоқ екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 600-ден астам үкіметтік емес ұйым бар. Оның 100-ден астамы белсенді жұмыс істеп тұр. Облыстық, республикалық бюджеттен 384 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, игеріліп жатыр. Сонымен қатар, облыстық басқармалар, аудандар әлеуметтік мәселелерді шешу жолында қаржы бөліп, мамандардың көмегіне жүгінді. Бүгін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездескен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі өзекті деген мәселелерді қозғады.

«Адамдардың сана-сезімін өзгерту керек. Ұлттық дәстүрге, салтқа сай жастарды тәрбиелеген жөн. Өкінішке қарай, мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдар бірігіп жұмыс істеп, шаралар ұйымдастырғанымен, жастар арасында қылмыс, тәртіп бұзу көбейіп барады. Күн сайын ішкі істер департаментінен жедел ақпарат алып отырамын. Қыздардың бір-бірімен төбелескенін оқып, жүрегің ауырады. Қыздарымыз не болып барады? Қыздарымыз 15 жасында балалы болса тағы да жүрегіміз ауырады. Ертеңіміз, болашағымыз не болады деп ойланамыз. Өз-өзіне қол жұмсау фактісі азайып келе жатыр. Бірақ әлі де болса ғаламтордың, әлеуметтік желілердің дамуы жастардың сана-сезіміне кері әсерін тигізеді»,- деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Үкіметтік емес ұйымдар да қателеседі. Олар бір реттік акцияларды, спорттық жарыстарды ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Бұл шаралар тиімсіз, адамның сана-сезімін өзгерте алмайды.



«Діни экстремизм, терроризмнің алдын алу жұмыстарына баса назар аударылды. Жастармен, тұрғындармен, сотталғандармен жұмыс күшейді. Дінтанушылар мен теологтар шақырылып, биыл 1 мыңнан астам жеке, топтық кездесу өтті. Ал әйелдер ұйымы отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен әке рөлін арттыруды қолға алды. Конференция, дөңгелек үстелдердің пайдасы аз. Әлеуметтік жобаларды іске асыратын кезде жақсы идеялар керек. Үш жылдық жоспар құрып, сол бағытта жұмыс істеу тиімді деп есептейміз. Ал жыл сайын жаңа жоспар құру басталған істің аяқсыз қалуына әкеліп соғады»,- деді «Ақтөбе облыстық ҮЕҰ қауымдастығы» ЗТБ президенті Айгүл Дүйсенова.
Ақтөбедегі үкіметтік емес ұйымдар Азаматтық бастамаларды қолдау орталығына ғимарат сұрады.

«Ақтөбе облысындағы барлық салада жақсы идея, ұсыныс аз. Жаңа ұсыныстарыңыз болса, біз қолдауға дайынбыз, қаржы табылады. Мәселен, қайырымдылық дүкені бірнеше ауданда ашылды. Бірақ осы іс аяқсыз қалды. Біздің арамызда бүтін киімі жоқ адамдар бар. Оларға көмек беру керек. Жақсы істі бастап, тастап кетті. Еріктілер де азайып кетті. Жастар бос уақытын тиімді өткізіп, күшін жақсы істерге бағыттағаны дұрыс. Сол кезде жастар арасындағы қылмыс азаяр еді. Ақтөбеде студенттерге тегін тамақ беретін асхана ашылды. Өзге мейрамханалар да айына бір рет тегін түскі ас ұйымдастыра алады. Тек бәрін дұрыс ұйымдастыру керек»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.