ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының экономика және әлеуметтік салалары заңнамасы бөлімнің басшысы, философия докторы (PhD) Маржангүл Акимжанованың сөзіне қарағанда, жаңа Азаматтық кодекс азаматтық-құқықтық реттеуді экономиканың қазіргі даму деңгейіне сәйкес келетін біртұтас жүйеге келтіру үшін қажет. Қолданыстағы Кодекс меншік құқығын қорғау, шарт еркіндігі және нарықтық жағдайдағы кәсіпкерлік қағидаттарынан тұратын берік негіз қалады. Алайда отыз жыл ішінде экономикалық орта да, мүліктік қатынастар да, азаматтық айналымға қатысу тәсілдері де айтарлықтай өзгерді.
— Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Кодексті қабылдауды болашақ экономикасына көшумен тікелей байланыстырды. Бұл қадам азаматтық құқықтардың жаңа объектілерін қамтиды, оларды жүзеге асыру және беру тәртібін өзгертеді, платформалық кәсіпкерлікті кеңейтеді, шарттық қатынастарды автоматтандырады, сондай-ақ міндеттемелерді орындаудың әрі қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін қалыптастырады. Осы үдерістердің ықпалымен дәстүрлі институттар да: меншік құқығы, мәмілелер, міндеттемелер, азаматтық-құқықтық жауапкершілік те өзгеруде. Жаңа Кодекс құрылымын айқындайтын іргелі қағидалар мен институттардың сабақтастығын сақтауы тиіс, сонымен бірге жаңа экономикалық қатынастар үшін әмбебап құқықтық құрылымдарды ұсынуы керек. Ол қазіргі цифрлық институттарды ғана бекітіп қоймай, кейінгі кез келген өзгерістерге қолданылатын жалпы, технологиялық бейтарап нормаларды қамтуы маңызды. Оның нақты түзетулерден түбегейлі айырмашылығы осында, — деді М. Акимжанова.
Бұл ретте азаматтық заңнаманы жаңғырту қол жеткізілген нәтижелерден бас тарту емес, оны дамытудың келесі кезеңі болуы тиіс.
Сарапшының пайымынша, жаңа Азаматтық кодекс азаматқа түсінікті, бизнеске болжамды, құқық қолданушыға тиімді және заң ғылымы тұрғысынан тұжырымдамалық жағынан дәйекті болуы керек.
— Жаңа Конституцияда бекітілген меншік нысандарының тең қорғалуы кепілдігі іс жүзінде оны жүзеге асырудың жұмыс істейтін тетігі болған жағдайда ғана мәнге ие болады. Сондықтан меншік иелерінің кепілдіктерін күшейту, адал ниетті сатып алушылардың құқықтарын қорғау және міндеттемелердің орындалуының сенімділігін нығайту жеке міндеттер емес, мүліктік айналымның тұрақтылығының өзара байланысты шарттары. Меншік иесі мүлкінің сақталуына, сатып алушы ақы төлеген жағдайда құқықтың бекітілуіне, ал несие беруші міндеттеменің бұзылуы кезінде өз мүдделерінің қалпына келуіне сенімді болуы тиіс, — деді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі.
Осы мақсатта сарапшы заңнаманы жетілдіру сот тәжірибесін талдауға, ұсынылған шешімдердің ғылыми сараптамасына және мүліктік қатынастардың тұрақтылығына ықпалын бағалауға негізделуі тиіс екенін айтты. Реформаның нәтижесі — адал адамның лайықты құқықтық қорғалуына, ал құқықтардың бұзылуы жәбірленушінің мүліктік мүдделерінің тиімді қалпына келуіне әкелетін, тұтас және болжамды азаматтық-құқықтық қорғау жүйесін қалыптастыру болуы тиіс.
— Шарт еркіндігі азаматтық құқықтың іргелі қағидаларына жатады және кәсіпкерлік қызмет еркіндігі мен меншіктің барлық нысанының тең қорғалуы туралы конституциялық ережелерге сәйкес келеді. Сондықтан жаңа Кодекстің негізіне диспозитивтілік презумпциясын қалау орынды: азаматтық айналымның кәсіби қатысушылары арасындағы қатынастарда тараптар шарттың мазмұнын өз бетінше анықтайды, ал императивтік реттеу — осал тарапты қорғау немесе қоғамдық мүдде талап ететін жерде ғана, яғни негізделген ерекшелік ретінде қолданылады. Сонымен қатар императивтік нормалар тараптардың іс жүзіндегі теңсіздігі жағдайларында — қосылу шарттарында, мазмұнын бір тарап анықтайтын стандартты тұтынушылық, банктік және цифрлық шарттарда өз қызметін сақтайды, — деді М. Акимжанова.
Сарапшының сөзіне қарағанда, жаңа Кодексті әзірлеу жаңа конституциялық ережелерді ескере отырып, қолданыстағы заңнама мен сот тәжірибесін кешенді талдауға негізделуі тиіс. Бұл ретте қорытынды қағида: шарт еркіндігі — басты ереже, императивтік нормалар — тәжірибемен расталған әрі негізделген ерекшелік.
Еске салсақ, Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде меншік құқығын қорғау, шарттық міндеттемелердің тұрақтылығы және азаматтық айналымға қатысушылардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілетінін айтты.