Сарапшы пікірі: Президент Жолдауындағы экономикалық басымдықтар елге қандай мүмкіндік береді

АСТАНА. KAZINFORM — Профессор Марат Сейдахметов Президент Жолдауындағы экономикалық басымдықтарға тоқталып, өңірлерді дамыту, орта бизнесті қолдау, көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту және технологиялық даму бағыттарының маңызын түсіндірді.

Фото: Марат Сейдахметовтің жеке мұрағатынан

— Президент Жолдауда Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті. Саяси реформалардың маңызы неде?

— Соңғы жылдары жүзеге асырылған саяси реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік институттарының жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталды.

Мемлекеттің тұрақты дамуы мемлекеттік институттардың тиімділігіне, заң үстемдігіне және қоғамның билікке деген сеніміне байланысты. Сондықтан реформаларды жүйелі жалғастыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру маңызды.

— Өңірлерді дамыту, қалаларды цифрландыру және инфрақұрылымды жаңғырту экономикалық өсімге қалай ықпал етеді?

— Өңірлердің өндірістік әлеуетін тиімді пайдалану, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу экономиканы әртараптандыруға мүмкіндік береді. Ал қалаларды цифрландыру мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, ресурстарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды.

Инфрақұрылымды жаңғырту да маңызды. Көлік жолдарын, инженерлік-коммуналдық желілерді дамыту және тұрақты энергиямен қамтамасыз ету өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттырады.

Бұл ретте Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және кәсіпкерлік салаларындағы әлеуеті жоғары. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.

— Қазақстанды Еуразиядағы жетекші көлік-логистика орталығына айналдыру қандай мүмкіндіктер ашады?

— Қазақстанның географиялық орналасуы Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын дамытуға мүмкіндік береді. Теміржол және автомобиль дәліздерін, логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамыту халықаралық жүк тасымалын кеңейтіп, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.

Шымкент пен Түркістан облысы үшін бұл бастаманың маңызы зор. Шымкентті өңірлік сауда және тауар тарату орталығы ретінде дамытуға, ал Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және экспорттау мүмкіндіктерін кеңейтуге болады.

— Болашақ ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған ел қалдыру үшін қандай бағыттарға басымдық беру керек?

— Технологиялық даму, бәсекеге қабілетті экономика және адам капиталын нығайту өзара тығыз байланысты. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, ғылымды дамыту және білім беру сапасын арттыру елдің экономикалық әлеуетін күшейтеді.

Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібін жаңғырту, экспортты әртараптандыру және кәсіпкерлікті қолдау қажет. Жастардың сапалы білім алып, заманауи мамандықтарды меңгеруіне жағдай жасау да ұзақ мерзімді дамудың маңызды шарты.

— Орта бизнесті дамыту үшін ұзақмерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғыртудың маңызы қандай?

— Орта бизнестің өсуі жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс көлемін арттыруға және экономиканың тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Ол үшін кәсіпорындарға ұзақмерзімді қаржыландыру, инвестициялық қолдау және заманауи жабдықтарды енгізу мүмкіндігі қажет.

Әсіресе өңдеу өнеркәсібі, агробизнес, көлік-логистика және ақпараттық технологиялар салаларында қосылған құны жоғары өнім өндіру маңызды. Шымкент пен Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, тамақ өнеркәсібі және логистиканы дамыту кәсіпкерлік әлеуетті кеңейте алады.

— «Бақты – Аягөз» теміржол желісі мен «Арал – Каспий» бағытын дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетіне қалай әсер етеді?

— «Бақты – Аягөз» теміржол желісі Қытаймен жүк тасымалының өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Ал «Арал – Каспий» бағытын дамыту Қазақстанның батыс өңірлерінің халықаралық көлік дәліздерімен байланысын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бұл жобалар экспортты дамытуға, логистикалық орталықтар ашуға және өңірлерге инвестиция тартуға ықпал етеді. Сонымен қатар кедендік рәсімдерді цифрландыру мен тасымал жүйелерінің тиімділігін арттыру халықаралық нарықтағы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.

Жалпы, көлік инфрақұрылымын дамыту елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.

Айта кетейік, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай отырысында «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады.