Заманауи техникалар
Президент Телерадиокешенінің техникалық-өндірістік қызмет басшысы Ерболат Кәкімбаев әскери парадты түсіруде қолданылған заманауи құрал-жабдықтар туралы айтып берді.
− Биыл біз көрерменге үлкен әсер беру үшін технологиялар үйлесіміне басымдық бердік. Әсіресе ең күрделі бөлік − парад кезіндегі дрондардың қозғалысын басқару. Біз алдын ала DJI Terra секілді бағдарламада жердің 3D-моделін жасап, арнайы маршруттар құрдық. Дрондардың ұшуын режиссер сценарийімен секунд-секундына дейін синхрондау маңызды: мысалы, БТР жүрген сәтте дрон көтерілуі керек болса, бір ғана қате салдарынан кадрды түсіріп үлгермеуіміз мүмкін. Оның үстіне жел ең мінсіз деген жоспарды да өзгертуі мүмкін, − деді Ерболат Кәкімбаев.
Телерадиокешен операторлары DJI Inspire 3 және FPV дрондарымен сарбаздардың сап түзеу панорамасын және парад үстіндегі көріністерді түсірген. Әскери техникаларға, сарбаздардың киіміне және туларға GoPro Hero 11 камералары орнатылып, шеру ортасындағы кадрлар түсірілген. Ал колонналар бойымен динамикалық түсірілімдер мен кадрдағы нысандарды ауыстырып отыру үшін өрмекші кран – Spidercam пайдаланылды.
− Кран кадрға кинематографиялық жұмсақтық береді, бірақ асқан дәлдікті талап етеді. Мысалы, ту ұстаған сарбаздар жасағы өткенде оператор құрылымдарға тиіп кетпеу үшін кранның қозғалыс жылдамдығын, объективтің фокус арақашықтығын және траекториясын ескеріп отыруы керек. Біз биіктігі мен жылдамдығын бір мезетте өзгертуге мүмкіндік беретін электромоторлы Wirecam жүйесін қолдандық, − деді Е. Кәкімбаев.
GoPro камерасы қарапайым құрал болып көрінгенімен, оның да өз қиындықтары бар, деп атап өтті маман. Оның шағын формасы бір жағынан ыңғайлы, екінші жағынан қиындығы да бар. Камера бронетехникада дірілдемеу үшін арнайы гиротұрақтандырғыш платформаларға орнатылды.
− Тағы бір мәселе − барлық GoPro-да уақытты синхрондау болды. Егер камералардың уақыты бір секундқа да өзгеріп кетсе, монтаждау азапқа айналады. Мұндай көп құрамды түсірілімдегі ең қиыны – барлық жүйелерді нақты уақытта үйлестіру. Мысалы, дрон әуеде, кран рельс бойымен қозғалып жатыр, жерде үш оператор түсіріп тұр — мұның бәрі біртұтас картинканы шығаруы керек. Біз жедел түстікоррекция үшін Live Grade жүйесін, ал ракурстарды бақылау үшін ShotDeck жүйесін қолдандық. Байланыста аз ғана кідіріс болса, дубль сәтсіз шығады, − дейді Е. Кәкімбаев.
Техника импровизацияны көтермейді, сондықтан шеберлікті шыңдап, түсірілімді бірнеше мәрте қайталап, пысықтау маңызды.
− Әрбір көрініс бұрышы, әрбір секунд формула секілді есептелуі қажет. Және әрқашан қосалқы камералар болуы керек, себебі парадта екінші мүмкіндік берілмейді. Бірақ ең басты құпия — ең озық технологияның өзі жобамен бірге жұмыс істей алатын команда болмаса, ештеңе бере алмайды. Біз 28 адамнан құралған «цифрлық экипажды» қалыптастырдық, бұл өз нәтижесін берді, − деп қорытындылады Е. Кәкімбаев.
Тікұшақ пен танктен хабар таратқан тілшілер
Jibek Joly телеарнасының тәжірибелі тілшісі әрі жүргізушісі Әнуар Кәрбозов бұған дейін де танк ішінде түсірілім жасап, 2 жыл бұрын «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуында бронетранспортерден репортаж жүргізген. Алайда журналист кәсібінің ерекшелігі — үнемі жаңа белестер мен сын-тегеуріндерге ұмтылу. Бүгін Әнуар парад кезінде тікұшақтың ішінен тікелей эфирде стендап түсірді.
− Әсер керемет! Мұны алғашқылардың бірі болып жасадық-ау, мұндай эксклюзив әлі ешбір телеарнада болмаған. Бүгін барлық жаңа техникаларды – СУ-27, СУ-25, СУ-30СМ, A-400M, L-410 тікұшақтарын көрдік. Тікұшақ есіктері ашық болғандықтан, адреналин шарықтап кетеді. Ұшқыштар бізден аса мұқият, сақ болуды өтінді. Стендапты екі оператормен және дронмен түсірдік. Осындай жанды, қозғалысы көп түсірілімдерді жақсы көремін, онда драйв, динамика сезіледі, − дейді Ә. Кәрбозов.
Жүргізушінің айтуынша, әскери парад – жай ғана мереке емес, елдің әскери қуатын көрсететін мүмкіндік. Соңғы бірнеше жылда елімізде парад өтпегенін ескерсек, биылғы шараның ауқымы айрықша болғаны анық.
Бұған дейін әскери қызметшілердің Жеңіс мерейтойына арналған салтанатты шеруге қалай дайындалғанын жазған едік.