Сарбаздардың психикалық жағдайын жасанды интеллектінің көмегімен анықтайды

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық ұланда жасанды интеллектінің көмегімен психологиялық тестілеу жүйесі енгізіледі.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығында әскери ортада психологиялық мәселелерді анықтауға арналған заманауи технологияларды енгізу бойынша іс-шара өтті. Жиын барысында әзірлеушілер бейімделген интеллектуалды психологиялық тестілеу жүйесін таныстырды.

– Заманауи технологиялар психология мен менталдық саулық саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол эмоционалдық жайсыздықтың алғашқы белгілерін дер кезінде анықтауға және ушығудың алдын алуға көмектеседі. Мақсат – әрбір әскери қызметшіге уақытылы көмек көрсетуді қамтамасыз ететін тиімді ерте анықтау және қолдау жүйесін құру, – деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайрат Үмбетов. 

Оның айтуынша, жасанды интеллектті қолдану әскери ортадағы психологиялық қиындықтарды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. 

Жобаны әзірлеуші Ерғали Мәбиевтің мәлімдеуінше, жүйе сынақтан өтушінің жауаптарына сәйкес сұрақтардың мазмұны мен күрделілік деңгейін динамикалық түрде өзгертіп отырады. Бұл әдіс дәстүрлі тестілеу тәсілдеріне қарағанда адамның психологиялық жағдайын анағұрлым дәл және тиімді бағалауға мүмкіндік береді. Өйткені, артық сұрақтар қысқартылып, маңызды аспектілерге назар аударылады. Мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүйе әскери бөлімдердің серверлерінде локалды түрде орналастырылады.

Жаңа жүйе елордадағы гарнизонның әскери бөлімдерінде борышын өтеп жатқан сарбаздар арасында жүргізіледі.

Ақпаратта айтылғандай, аталған технологияны енгізу – әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және әскери бөлімдерде моральдық-психологиялық климат қалыптастырудың маңызды қадамы болмақ. 

Айта кетсек, Қазақстанның әскери оқу орындары eGov.kz порталы арқылы онлайн өтінім қабылдай бастады.