Оның сөзінше, банктер мен шағын қаржы ұйымдарына мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие беруге тыйым салатын заң нормасы бар.
Ал бақылау механизмі Мемлекеттік несие бюросы арқылы жүргізіледі.
— Бұл норманы іске асыру үшін Мемлекеттік несие бюросы банктерге мерзімді әскери қызметтегі азаматтар туралы деректерді ұсынады. Егер азамат осы тізімде болса, онда автоматты түрде несие берілмейді, — дейді Олжас Қизатов.
Егер қаржы ұйымдары бұл ережені бұзса, оларға қадағалаушы шаралар қолданылуы мүмкін.
Маманның айтуынша, мұндай несиелердің күші жойылуы да ықтимал. Себебі, қазіргі заңнамаға сай келмейді.
Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметтегі азаматтарға қаржылық қорғау бағдарламасы да қарастырылған. Ол мерзімді әскери қызмет уақытында қарыз жүктемесін төмендетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі еліміздегі ломбардтар қызметіне талапты күшейтуді жоспарлап отырмағанын жазғанбыз.