«Сардар» ІІ әскери олимпиадасына еліміздің түкпір-түкпірінен 60-қа жуық оқушы қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Қорғаныс министрлігінің білім және ғылым департаментімен бірлесе отырып, білім беру ұйымдарының 11-ші сынып оқушылары арасында «Сардар» республикалық кешенді олимпиадасын өткізбек, деп хабарлайды аталмыш орталықтың баспасөз қызметінен.

Білім додасының мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық пен ұлттық патриотизмді қалыптастыру.

«Сардар» республикалық кешенді олимпиадасы 10-12 сәуір аралығында Астанадағы ҚР Қорғаныс министрілігінің генерал С.Нұрмағанбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында өткізіледі.Олимпиадаға республикамыздың түкпір-түкпірінен 60-қа тарта оқушылар мен олардың ұстаздары қатыспақ.

Олимпиада екі турда өткізіледі. Бірінші теориялық турда физика, математика, орыс тілі, қазақ тілі және бастапқы әскери дайындық бойынша тестілеу болады. Ал практикалық тур алғашқы әскери дайындық және дене шынықтыру бойынша нормативтерді орындау: жеке саптық дайындығын, АК-74 автоматын бөлшектеу және құрастыру, кросс 1000 м, 100 м жүгіру және көпір ағашына тартылу бойынша өткізілмек.

Олимпиада бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен, ауғанстандық ардагерлермен кездесулер өткізіледі. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдеріне «Қазақстан мектептерінде алғашқы әскери дайындық пәнін оқытудағы жаңа көзқарас» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылады. Семинарда өз тәжірибесімен Ақмола облысының Степногор қаласындағы №6 Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназиясының жоғарғы санаттағы алғашқы әскери дайындық мұғалім-ұйымдастырушысы А.Е.Кинцель бөліседі. Сондай-ақ Астана қаласының алғашқы әскери дайындық сабағының мұғалімдері шақырылды. Барлығы 30 мұғалім қатыспақ.

Тыңдаушылар сабақты өткізу әдістері, жаңа инновациалық-коммуникациялық технологияларды қолдану, сабақ барысы кезінде сөйлесу әдістерін (сынып менеджменті) меңгеру, сонымен қатар сабақтан тыс және үйірмелерде туындайтын сұрақтар жайлы мәселелерді талқылайды.

Олимпиада қатысушыларының ҚР ҚМ 68665 әкери бөліміне және ҚР Ұлттық мұражайына саяхаты жоспарланған. Шара соңында қатысушыларға ҚР ҚМ құрметті қарауылдар ротасының әскери көрністері және әскери қару-жарақ және техника музейі көрсетіледі.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ҚР ҚМ мен «Дарын» РҒПО-ның I, II, III дәрежелі дипломдары мен грамоталары беріледі. Барлық қатысушыларға сертификаттар табысталады.

Олимпиаданың салтанатты ашылуы 10 сәуір күні сағат 12.00-де «Жас ұлан» республикалық мектебінде өткізілмек.