Сары өзеннен кеспе музейіне дейін: Ланьчжоуда қайда саяхаттауға болады

ҚЫТАЙ. ЛАНЬЧЖОУ. KAZINFORM — Kazinform тілшісі Ланьчжоудың көрікті жерлеріне шолу жасап, қала қонақтарына баруға болатын танымал орындарды ұсынды.

Коллаж: Kazinform

Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің көбеюі және екі ел азаматтары үшін енгізілген 30 күндік визасыз режим көрші елге саяхаттайтын туристердің санын көбейтіп жатыр. Соның ішінде Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясының әкімшілік орталығы — Ланьчжоу қаласы жаңа әрі қызықты бағыттардың біріне айналып отыр. Хуанхэ өзенінің бойында орналасқан шаһар әлемге әйгілі сиыр еті қосылған кеспесімен танылғанымен, оның мыңдаған жылдарға созылған мәдени мұрасы, көне ескерткіштері, табиғи ландшафттары мен заманауи туристік орындары да саяхатшылардың назарын аударады.

Киелі өзен жағасындағы қала

Ланьчжоудың басты символы — Хуанхэ өзені. Қытайдағы екінші ең ұзын өзен саналатын Сары өзеннің ұзындығы 5,4 мың шақырымнан асады. Ол қаланы қақ жарып өтіп, мыңдаған жыл бойы осы өңірдің тіршілік көзіне айналған. Ежелден Хуанхэ бойындағы елді мекендердің дамуы, сауда жолдарының қалыптасуы және ауыл шаруашылығы осы өзенмен тығыз байланысты болды. Әсіресе Ұлы Жібек жолы кезеңінде Ланьчжоу маңызды сауда бекеті ретінде танылды.

Бүгінде өзен жағалауы — қаланың ең көрікті демалыс орындарының бірі. Мұнда серуендеу жолдары, мәдени нысандар мен бақылау алаңдары орналасқан.

Фото: Klook.com

Ланьчжоудың ең танымал орындарының бірі — «Хуанхэ ана» монументі. Қола мүсінде өзен ана бейнесінде бейнеленіп, оның жанындағы сәби Хуанхэ өркениетінен тараған ұрпақ сабақтастығын білдіреді. 1986 жылы орнатылған бұл ескерткіш бүгінде қаланың басты символдарының біріне айналған. Туристер мұнда өзен көрінісін тамашалап, Ланьчжоудың ерекше атмосферасын сезіне алады.

Ланьчжоудың қанатты тұлпары

Ланьчжоуға келген саяхатшы баратын міндетті орынның бірі — Ганьсу провинциялық музейі. Мұнда 350 мыңнан астам археологиялық және тарихи жәдігер сақталған. Экспозициялар Ұлы Жібек жолының тарихын, ежелгі Қытай өркениетін, Ганьсу өңіріндегі көшпелі және отырықшы мәдениеттердің дамуын таныстырады.

Фото: Klook.com

Музейдің ең құнды жәдігері — Шығыс Хань дәуіріне жататын «Ұшқан қарлығаш үстіндегі тұлпар» қола мүсіні. Қанатты тұлпар бейнесіндегі бұл туынды тепе-теңдік пен қозғалыстың ерекше үйлесімімен ерекшеленеді. Жәдігер Қытайдың туристік символына айналған және елдегі ең танымал археологиялық олжалардың бірі саналады.

Сондай-ақ қаланы алғаш рет аралайтын туристер үшін Ланьчжоу қаласының құрылыс көрмесі (Urban Planning Exhibition Hall) ең қолайлы орындардың бірі саналады. Мұнда ежелгі Цзиньчэннен бүгінгі Ланьчжоуға дейінгі мыңжылдық тарихы, қаланың сәулеттік дамуы мен Ұлы Жібек жолындағы рөлі жан-жақты көрсетілген. Ғимараттың өзі Сары өзен жағалауындағы тас пішінінде салынған. Экспозициялар арқылы келушілер қаланың сауда орталығы ретінде қалыптасуын, көшпелі және отырықшы өркениеттердің тоғысқан мекеніне айналу тарихын біле алады.

Ланьчжоу кеспесі — қаланың гастрономиялық бренді

Ланьчжоуды әйгілі еткен тағы бір бренд — сиыр еті қосылған кеспе. Қазір бұл тағам әлемнің 60-тан астам еліне таралып, мыңнан астам мейрамханада ұсынылады. Осы мәдени мұраны таныстыру мақсатында 2021 жылы қалада Ланьчжоу сиыр еті кеспесінің музейі ашылған.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Музейде тағамның тарихы, көне асүй жабдықтары, құжаттар мен тұрмыстық бұйымдар қойылған. Келушілер кеспені қолдан созу әдісін үйреніп, дәстүрлі тағамнан дәм тата алады.

Музей қызметкерлерінің айтуынша, алғашқы жылдары мұнда жылына 40-50 мың адам келсе, бүгінде келушілер саны 60-70 мыңға жеткен. Ланьчжоу кеспесінің басты ерекшелігі — мөлдір сорпасында, серпімді қолдан созылған кеспесінде және арнайы дәмдеуіштерінде. Бір тостаған тағам шамамен екі минутта дайындалады әрі бағасы да қолжетімді.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

150 миллион жылдық ғажап таулар

Табиғатты ұнататын саяхатшылар үшін ең әсерлі бағыттардың бірі — «Ланьчжоу Шуймо Данься» ұлттық геопаркі. Парк шамамен 150 миллион жыл бұрын қалыптасқан ерекше геологиялық бедерлерімен танымал.

Фото: Klook.com

Қытай тіліндегі «Шуймо Данься» атауы «сиямен салынған сурет» деген мағынаны білдіреді. Себебі мұндағы түрлі түсті жартас қабаттары дәстүрлі қытай кескіндемесіндегі сиямен салынған пейзаждарға ұқсайды.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Геопарк Ланьчжоу қаласының орталығынан небәрі 13 шақырым жерде орналасқан. Жалпы жоспарланған аумағы шамамен 400 шаршы шақырымға жетеді. Бұл – Қытайдағы ең ірі қалалардың біріне ең жақын орналасқан табиғи ландшафттардың бірі. Мұнда жеті бақылау алаңы, геологиялық музей, этнографиялық кешендер, кәдесый дүкендері, кемпингтер мен түрлі ойын-сауық орындары жұмыс істейді.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Экстремалды демалысты қалайтындар үшін ұзындығы 2,5 шақырым болатын әйнек су сырғанағы, зиплайн, әуе шарымен серуендеу және жол талғамайтын көлікпен экскурсиялар ұйымдастырылады.

«Даньсяның биші тұлпарлары» шоуы

Геопарктегі ең танымал мәдени бағдарламалардың бірі — «Даньсяның биші тұлпарлары» атты қойылым. Шоу Батыс Хань дәуіріндегі тарихи оқиғаларға негізделіп, Ұлы Жібек жолының қалыптасу кезеңін, қолбасшы Хо Цюйбиннің жорықтарын және ежелгі Қытайдың батыс өңірлеріндегі тарихты сахналайды.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Қойылымда 40-қа жуық жылқы мен кәсіби шабандоздар өнер көрсетеді. Ат үстіндегі күрделі трюктер, жарық және дыбыс технологиялары көрерменге көне шайқас көріністерін әсерлі жеткізеді. Әртістер құрамында Шыңжаңнан келген қазақтар, тибеттіктер, маньчжурлар және басқа да этностардың өкілдері бар.

Хэкоу көне қаласы

Ланьчжоудан тағы бір тарихи бағыт — Хэкоу көне қаласы. Бұл — уақыт тынысын сақтап қалған, Мин және Цин дәуірлерінің сәулетін бүгінге жеткізген «тірі музей». Ежелгі заманда бұл Хуанхэ өзенінің жоғарғы ағысындағы төрт ірі өткелдің бірі болған. Ұлы Жібек жолы бойындағы маңызды стратегиялық бекет ретінде Хэкоу «Цзиньчэннің батыс қақпасы» деген атауға ие болған. Мұнда сауда керуендері өтіп, әртүрлі өркениеттер тоғысқан.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Бүгінде Хэкоу — Ланьчжоу аумағында Мин және Цин әулеттері дәуіріндегі тұрғын үйлер кешені ең жақсы сақталған тарихи орындардың бірі. Мұнда 30-дан астам көне аулалы үйлер мен дәстүрлі сәулет үлгілері сақталған. Көне көшелермен серуендеген туристер бірнеше ғасыр бұрынғы қаланың тынысын сезініп, ежелгі құрылыс ерекшеліктерімен таныса алады. Мұнда жергілікті тұрғындар өмір сүруін жалғастырып келеді, сондықтан туристер көне сәулетпен қатар өңірдің күнделікті тұрмысымен де таныса алады.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Қалада дәстүрлі мәдени шаралар да жиі ұйымдастырылады. Келушілер жергілікті өнерпаздардың «нуо» рәсімдік биін тамашалап, ежелгі кеден бекетінің орнын аралай алады. Сонымен қатар Хэкоуда ауыл туризмі, ұлттық тағамдар ұсынылатын қонақ үйлер мен дәстүрлі демалыс орындары дамып келеді.

Фото: Айжан Серікжанқызы/Kazinform

Ланьчжоу — әйгілі сиыр еті кеспесінің отаны ғана емес, Хуанхэ өркениеті, Ұлы Жібек жолы және заманауи туризм тоғысқан қала. Мұнда көне тарих пен табиғи сұлулық, ұлттық тағам мәдениеті мен заманауи демалыс орындары үйлесім тапқан. Сондықтан Ганьсуға жолы түскен саяхатшылар үшін Ланьчжоу бірнеше күндік қызықты саяхат жасауға толық мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай гуманитарлық және туристік ынтымақтастықты нығайтып келеді. Бұған дейін Kazinform тілшісі Ганьнань-Тибет автономиялық округінің туристік әлеуетіне шолу ұсынған еді. 

Сондай-ақ Қытай 300 жылдық Лабранг ғибадатханасын жаңғыртып, мәдени мұраларды реставрациялауға басымдық беріп келеді. 

Бұған дейін Ланьчжоу маңында орналасқан әлемдегі ең көне алмұрт бағы туралы жазған едік.