Сарыбел мен Өскемен қаласының арасы 200 шақырымдай жол. Ирелеңдеген жолмен құйғытып жүре алмайсың.
Бұрылыс-қалтарысы, өрі мен еңісі көп болғандықтан көлікті барынша сақ жүргізу керек.
Ал жаздың туристік маусымы қызып тұрған шағында көліктің көптігі де жылдам жетуіңізге кедергі. Сондықтан орташа есеппен Өскеменнен Сарыбелге 2,5-3 сағаттай жол жүресіз.
Жолай тоқтап, табиғаттың әсем көріністеріне көз салсаңыз болады.
Күнбағыс алқабы да ерекше әдемі.
Сарыбелге жетпестен бұрын Миролюбовка ауылына келесіз. Бұл да Бұқтырма су қоймасының жағасына жақын орналасқан елді мекен.
Онда демалушыларға қажетті түрлі заттар сатылатын дүкендерді байқадық.
Жалпы Самар ауданында 70-тен астам демалыс базасы жұмыс істейді. 600-ге жуық үй және шамамен 3 000 туриске арналған орын бар екен.
Аудан әкімдігі биыл Сарыбел ауылында интернет сапасын жақсарту мақсатында антенна-діңгекті құрылыстар орнатылғанын мәлім еткен болатын. Алайда демалыс базаларында Wi-Fi-ға қосылмасаңыз, ұялы телефонның интернеті дұрыс ұстамады.
Міне жағалауға да келдік. Шомылып жүргендер, жағада күн сәулесіне қыздырынып жатқандар аз емес.
Суы жып-жылы, жағасы құм. Бұқтырма су қоймасының ар жағында аспанмен астасқан таулар көздің жауын алады.
Жағалауға жақын маңда көлік қоятын орын бар. Соның дәл қасында екі әжетхана тұр. Ауылдағы кәдуілгі ағаш әжетханалар. Бірақ мүлде жоқ болғаннан жақсы.
Қоқыс төгетін екі контейнерді байқадық. Бәлкім содан да шығар, жағалауда шашылып жатқан қоқыс жоқ.
Жағалаудан қандай да бір тыйым салынған немесе ескерту жасалған белгілерді көзіміз шалмады. Есесіне су ішуге келген жылқыларды көрдік. Жағада өздерімен-өздері жайбарақат жайылып жүр. Әлде иесі суға шомылып жүр ме екен?!
Дәл жағалауда дүкен жоқ. Алакөл немесе басқа да демалыс орындарындағы сияқты қыздырынып жатқан жеріңізге келіп, ас-суын ұсынатындар да жоқ мұнда.
Сол үшін ішіп-жейтінді өзіңізбен бірге ала келген жөн. Немесе ең жақын деген дүкенге барып, керегіңізді алып келе аласыз.
Суда ара-тұра катерлер жүйткіп өтеді.
Құмды жағалауда ұлу қабыршақтары жатыр.
Бұл жерге халықтың көптеп келетін бір себебі – Бұқтырманың суы бірден тереңдемейді, 100-150 метрге дейін таяз болып тұрады. Судың асты құм. Сол үшін бұл бала-шағамен келіп демалуға таптырмас орын.
Қорыта айтқанда, Сарыбелді дамыта түсу үшін туристерге қолайлы жағдай жасауға баса ден қою керек. Демалыс үйлерін көптеп салып, ұялы байланыс пен интернет жылдамдығы күшейсе құба-құп. Сол кезде мұнда келетіндер саны әлдеқайда көбейетіні сөзсіз.
Еске салсақ, осыған дейін Шығыс Қазақстанда шомылу маусымы басталғалы үш адам суға батқаны хабарланған.