Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмысты оқиға кеше Сарыағаш қаласында болған.
« 9 сәуір 2018 жылы Сарыағаш АІІБ-ның кезекші бөліміне Сарыағаш аудандық орталық ауруханасынан атыс қаруынан жараланған белгісіз азаматтың мәйіті жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен. Жәбірленуші Сарыағаш ауданының 1991 жылы туған тұрғыны екені анықталды. Қазір Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиға орнында ОҚО ІІД тергеу тобы жұмыс жасауда. Басқа мәліметтер тергеу барысында жарияланбайды», делінген хабарламада.
Ал, жергілікті тұрғындардың сөзінше таныс екі жігіттің арасында жанжал туындаған. Олардың ісіне бірінің 1987 жылы туған ағасы араласып, екіншісін атып жіберген. Қылмыстың қалай болғанын енді полицейлер анықтайды.
Еске салайық, бұған дейін 4 сәуір күні осы ауданға қарасты Абай ауылында бірнеше тұрғындар өзара төбелесіп, атысқан болатын. Салдарынан екі жігіт ауруханаға түсті. Бірінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Осы қылмысқа қатысы бар деген үш күдікті Сарыағаш аудандық сотының санкциясымен қамауға алынды.
Фото: byznysnoviny.cz