Сасық иіспен күресіп жүрген ақтөбелік шенеунік аллергиясы бар екенін жасырмады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласындағы күкіртті сутектен, сасық иістен адамдар арасындағы аллергия ушыққан болатын. Қазіргі күні 40 кәсіпорын тексеріліп, біреуі жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында сасық иіс ушығып, тұрғындар биліктен жауабын сұраған болатын.  Сол кезде дәрігерлер де өңірде аллергия ушығып кеткенін хабарлады. Бүгін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жергілікті белсенділер мен кәсіпорын басшыларын жинады.

«Елімізде мораторий жарияланып, біз бизнестің дамуына жағдай жасадық. Бірақ кейбір кәсіпкерлер мораторийді өз пайдасына жаратып, кәріз құбырына суды кері ағызу кезінде санитарлық нормаларды сақтаудан бас тартып отыр. Ақтөбенің белсенді тобына алғыс айтамыз. Тұрғындардың арызынан соң тексеру жұмыстары басталып, қазір 40 кәсіпорынға 40-70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Олардың арасында екі ірі спирт зауыты бар. Спирт зауыты қазір жаңа тазарту құрылғысын іске қосып, кәріз құбырына тасталатын қалдық нормаға сай тазартылып жатыр»,- деді Қ.Бекенов.

Өңір экологтары тексеру жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Екі айда 382 өндіріс орнынан сынама алынуы тиіс. Сонымен қатар, Ақтөбе облыстық экология департаменті су жеткізуші «Ақбұлақ» АҚ-мен бірге талапты сақтамаған өндіріс орындарын апта сайын тексеруді қолға алмақ. Қазіргі күні 29 кәсіпорынға айыппұл салынып, біреуі жұмысын тоқтатты. Тағы 10 кәсіпорынның жұмысы тексеріліп жатыр.

«Ақбұлақ» АҚ-ның арызы бойынша 57 нысанды тексереміз. Қазіргі күні 17 кәсіпорын тексерілді. Барлығы 181 мың теңге айыппұл салынды. Тағы 12 әкімшілік іс қаралып жатыр», - деді облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Жергілікті билік ауаны ластап, жағымсыз иіс тудыратын кәсіпорындарды қатаң бақылап, заң талаптары орындалмаса жабу мәселесі сот арқылы шешілетінін ескертті. «Қатаң бақылау болады. Тұрғындар наразылығын көріп отырмыз. «Сіз өзіңіз иісті сезінесіз бе?» деп сұрайды тұрғындар. Иә, сезіледі. Менде де аллергия бар», - деді Қайрат Бекенов.