Ақтөбе қаласындағы сасық иістен шаршаған бір топ адам бүгін «Денсаулық» саябағына жиналды. Кешкілік басталып, түні бойы ауада тұратын жағымсыз иістің қашан кететінін білмекке жиналғандарды облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев бастаған тәртіп сақшылары бақылап тұрды. Жиналғандарға сасық иістің қайдан шығатынын облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов түсіндіріп берді. Ауаны көбіне көміртек тотығы, азот тотығы, бейорганикалық шаң, күкірттің еселенген тотығы ласайды.
«Қала көркейіп, жолдар да жөнделіп жатыр. Индустриялық қала екенін білеміз. Бірақ қарапайым адамдар үшін өмір сүру қиындап барады. Сасық иіс қолқаны қабады. Сондықтан әлеуметтік желіде арнайы топ құрып, жағымсыз иістен шаршағандардың басын қостық. Бұл ашық алаң. Сенбіден жексенбіге қараған түні шыдамымыз таусылған болатын. Бұл мәселе шешіледі деген үміттеміз»,- деді әлеуметтік желіде топ құрып, ақтөбеліктерді бірігуге шақырған Ерік Орамақов.
Жағымсыз иіс дамуы тежелген балалар үшін де қиын болып тұр. «Соңғы 5 жылда сасық иіс біздің шыдамымыздың шегіне жетті. Біз әкімдіктің сайтына, блогқа, әлеуметтік желіге жазып, нақты жауап ала алмадық. Кейбірі сұрағымызды өшіріп тастады. Мен анамын. Балам ерекше диагнозбен дүниеге келді. Ауада сасық иіс тұрған кезде балам лоқсып, құсады. Егер терезе жабуды ұмытып кетсек, жылап, көзі жасаурап кетеді. Сөйтіп түні бойы мазасызданып шығамыз»,- дейді қала тұрғыны Әйгерім Бижанова.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында ағын суды қабылдайтын қосымша станция іске қосылады. Тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Экологтар бұл шешім сасық иістің мөлшерін азайтуға септігін тигізеді деп отыр. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен қала маңындағы қалдық-қоқыстарды тазартуға 15 миллион теңге бөлінген.
«Күн қатты ысып, жағымсыз иіс күшейді. Бұл сұрақ бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Негізгі мәселе өндіріс орындары мен қызмет көрсету компаниясының ағын суды уақтылы тазартпауынан болып тұр. Зиянды заттарды атмосфераға тастайтын 20-дан астам кәсіпорын анықталды. Олар экологиялық норманы сақтамаса өндіріс орындарын тоқтату шарасын да қабылдаймыз»,- деді Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов. Экологтар өндіріс орындарына ағын суды тазарту қондырғысын орнатуды талап етіп отыр. Қазіргі уақытта өңірде ауадағы күкірті сутектің мөлшері шамадан тыс артып кетті. Қазгидрометтің мәліметінше, шілдеде көрсеткіш қалыпты шамадан 25 есе көп екендігін көрсеткен.