Сәтбаев атындағы каналда сегіз жаңа трансформатор орнатылды

АСТАНА. KAZINFORM — Су ресурстары және ирригация министрлігі Қ. Сәтбаев атындағы каналды кешенді жаңғырту жөніндегі Жол картасын іске асыру аясындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Ведомствоның баспасөз қызметі мәлім еткендей, қазір сегіз жаңа трансформаторды орнату жұмыстары толық аяқталды. Жалпы алғанда 17 жаңа трансформатор орнату жоспарланған. Қалған тоғыз жабдық жыл соңына дейін жеткізіліп, орнатылады. Жол картасында сондай-ақ 19 сорғы агрегатын ауыстыру қарастырылған. Бүгінде каналда бес агрегатты ауыстыру жұмысы жүріп жатыр.

— Қ. Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту мен реконструкциялау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстар нысанның су ресурстарына сұранысының артуына байланысты қолға алынды. Жоба Қарағанды, Ақмола және Павлодар облыстарындағы елді мекендер мен өнеркәсіп кәсіпорындарын сумен қамту сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар каналдың қауіпсіз әрі ұзақ уақыт жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі, — деді СРИМ Су шаруашылығы ғимараттарын дамыту департаментінің директоры Сағи Үтелов.

Бұдан бұрын 7 сәуірден бастап Қаныш Сәтбаев каналынан Шідерті алқабына су босатылатынын жазғанбыз.