7 сәуірден бастап Қаныш Сәтбаев каналынан Шідерті алқабына су босатылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Су жіберу шаралары шамамен екі айға ұласады. Мамандар Екібастұздың ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданы бойынша 21 мың гектардан астам шабындықты су басады деген үмітте. 

7 сәуірден бастап Қаныш Сәтбаев каналынан Шідерті алқабына су босатылады
Фото: Ертіс бассейндік инспекциясы

Павлодар облысында Шідерті өзеніне су жіберіле бастайды. Жыл сайынғы дәстүрлі шара аясында Ертіс өзеніне жалғанған Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан үлкен көлемде су босатылады. Бұл Ақкөл-Жайылма алқабындағы экожүйені қалпында сақтап, ауыл шаруашылығы саласын қажетті мөлшерде жем-шөппен қамтамасыз етеді.

— Оңтайлы ауа райы жағдайлары мен топырақ ылғалдылығының жай-күйін ескере отырып, 7 сәуірден бастап Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Шідерті өзеніне табиғатты қорғау және санитарлық-эпидемиологиялық су жіберу басталады. Бекітілген көлем 120 млн текше метр, былтырғы деңгейде сақталып отыр. Жалпы, су жіберу есебінен Екібастұз қаласының ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданында орналасқан 21 мың гектардан астам шабындық алқаптарын су басады деп болжанып отыр. Су жіберудің барлық кезеңін мердігер ұйым және облыс әкімдігі бақылайтын болады, — деп хабарлады Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев.

Каналдан су босату шараларының жалпы ұзақтығы екі айға ұласып, су Шідерті өзені арқылы кең далаға жөңкіліп, шабындық үшін пайдаланылатын көлтабандарды, Ақкөл-Жайылмадағы Әулиекөл көлдер жүйесін (шамамен 9 көл бар) толықтырып, балық ресурсын қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді. Екінші тұрғыдан бұл аумақтардың табиғи балансын ұстап тұруға, экологиялық ахуалды жақсартуға негізделген.

Еске сала кетейік, былтыр Сәтбаев каналынан Шідерті өзені жайылмасына рекордтық көлемде су жіберілген болатын.  Рекордтық деңгей биыл да сақталады.

Сондай-ақ былтыр Шідерті лиманды суару жүйесінде 500 метрден астам бөгет нығайтылды

Соңғы жаңалықтар