Сатып алу туралы заңнамадан «Самұрыққа» берілген ерекшеліктер алынып тасталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутатының «Самұрық-Қазына» қорының бір көзден сатып алу жүйесі Қазақстан экономикасын тежеп отырғаны туралы сауалына жауап берді.
- Қаржы министрлігі «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы» туралы Заңнан қорға қатысты ерекшеліктерді алып тастау мәселесін пысықтап жатыр. Бұл қадам әлеуетті сын-қатерлерді (стратегиялық мәні бар инвестициялық жобалардың іркілісі және инвестиция тартуда туындауы мүмкін қиындықтар) ескере отырып іске асырылады, - делінген жауапта.
Үкімет басшысы Жоғары аудиторлық палата қордың қызметіне мемлекеттік аудит жүргізіп жатқанын еске салады.
- Оның қорытындысы үшінші тоқсанда Парламентте қаралады. Аудит нәтижесі бойынша қор қызметін әрі қарай жетілдіру бағытында қосымша қорытынды мен ұсынымдар әзірленеді, - деп жазады Олжас Бектенов.
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Премьер-министрдің атына сауал жолдап, «Самұрық-Қазына» – Қазақстан экономикасының драйвері емес, тежеуіші болып тұрғанын айтқан еді.
Ал Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов «Бәйтерек» холдингі, «Самұрық-Қазына» қорының активтерді басқару қызметін сынады.
Ал депутат Азат Перуашев «Самұрық-Қазына» 1,25 трлн теңге табысынан мемлекетке дивидент төлемей қойғанын мәлім еткен болатын.